АСТАНА. 22 наурыз. ВТБ лигасы аясында «Астана» баскетбол командасы Кубаньға қонаққа барып, жергілікті «Локомотивтен» 79:105 есебімен жеңілуге мәжбүр болды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Рамунас Бутаутас бас жаттықтырушы болып келгелі ойын өрнегіне қан жүгірген біздің команда соңғы кездері маңызды ұпайларға қол жеткізіп жүргені белгілі. Осының алдындағы ойында Қазанның УНИКС-ін жеңгеніміз де есімізде. Ал «Локомотив» соңғы кездесуін Риганың ВЭФ командасына қарсы өткізіп, есе жіберген еді. Сондықтан отандық жанкүйерлер «Астанадан» тағы да жеңіс күткені жасырын емес.
Алайда, кубаньдықтар алдыңғы ойыннан сабақ шығарып, бірден тізгінді өз қолдарына алды. Десе де, есепті біздің баскетболшылар ашқанын айта кетейік. Алғашқы кезеңді өз пайдаларына 27:14 есебімен аяқтаған алаң иелері ойынның екінші бөлігінде де «Астананың» адымын аштырмады. Тіпті үлкен үзіліс алдында есеп айырмасы 28 ұпайға дейін (54:26) ұлғайып, «Локомотив» айқын басымдықпен алға шықты. Әйтсе де, екінші кезең соңында 54:29 есебі тіркелді.
Қалған екі кезеңде «Астана» намысқа тырысып бақты. Тіпті үшінші кезеңде жеңіске жетті (27:26). Ал соңғы кезең тағы алаң иелерінің басымдығымен аяқталды (25:23). Нәтижесінде, елордалықтар ірі есеппен есе жіберді.
Кездесу барысында «Астана» командасының баскетболшысы Рашид Махалбасич ең көп ұпай жинады. Ол 40 минуттың ішінде 19 ұпайды еншісіне жазған екен. Ал алаң иелері сапынан Рашидтен бір ұпайы кем Андрей Зубков шеберлігімен көзге түсті.
Осы жеңілісінен кейін «Астана» турнир кестесінде бір саты төмен сырғып, қайтадан 10-орынға түсіп қалды. Рамунас Бутаутас шәкірттері келесі ойынды 29 наурызда сырт алаңда «Химкиге» қарсы өткізеді. Аталған команда лигадағы үздіктердің бірі екені белгілі. Бүгінде олар турнир кестесінде 2-орында келеді.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: vtb-league.com.