АСТАНА. 11 мамыр. ҚХР лидері Си Цзиньпиннің Ресейге сапар шегуі қарсаңында Қытайда Ресей мен оның «сүйкімді» президенті Владимир Путин туралы жұрттың білдірген пікірлерін көрсететін видеоролик жарыққа шықты. Бұл туралы немістің Suddeutsche Zeitung газеті хабарлады.
Басылымда жазылғандай, Ресейдің «сүйкімді» президенті қазір ҚХР-да орасан зор беделге ие. Роликті түсіруші топ сұхбат алған жұрттың бәрі бір ауыздан Ресейді «өте күшті лидер» басқарып отырғанына еш күмәнданбайды. Сұрау салынғандардың басым бөлігі Владимир Путин елді басқарғалы бері «ҚХР мен РФ арасында қарым-қатынастың мейлінше тығыз және үйлесімді бола түскеніне» сенімді. Қытайдың бірқатар тұрғындары сонымен қатар Ресей басшысының қазіргі кезде қайраты жағынан өте керемет екеніне тоқталады.
Сұхбат беру барысында ҚХР тұрғындары сондай-ақ Путинді 9 мамыр мерекесімен құттықтап, «Москва-Пекин», «Катюша» және «Такого, как Путин» деген әндерді айтқан.
Видеороликке қатысушылар бұдан бөлек, «Ресейдің архитектурасы қызықты», «музыкасы өзгеше» дегенді жеткізген. Ал бір әйел тіпті «орыстың мәдениеті менің жаныма бала шағымнан жақын» дегенді білдірген.
Ролик Қытай лидері Си Цзиньпиннің Мәскеуге Жеңіс күнін тойлау үшін жүруі қарсаңында дайындалған.
Қайрат Құлымбет.
Дерек, сурет: Suddeutsche Zeitung.
https://youtu.be/W81rNfsZK2k