Келіссіз мінез негізсіз жағдайға әкеліп соқтырды. Ақтау қаласымен оған жапсарлас Приозерный ауылын жалғайтын жол бойында таяуда оқыс оқиға орын алды.
Жол бойында қатты жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан «ВАЗ-21110» көлігінен бойжеткен секіріп кетті. Көлікті дереу тоқтатқан жүргізуші жігіт құлап жатқан қызға жүгіріп келіп көмек көрсете бастады. Яғни, қыздың тірі, әрі қатты жарақаты көрінбегендіктен жалынып-жалпайып жүріп көндіріп, көлікке қайта отырғызып алып жайына кеткен. Сол бетімен жүріп отырып, қызды өзінің жұмыс орнына – Ақтау қаласындағы шағын аудандардың біріндегі мектепке әкеліп тастайды. Мектепке келген соң қыздың өзі «Жедел жәрдем» шақыртады. Дәрігерлер Маңғыстау облыстық ауруханасының травматология бөліміне жатқызылған қыздың әртүрлі дене жарақаттарын алғандығын айтты. Сөйтсек, оқиға былай өрбіпті. Көліктегі екеу өзара келіспей, араларында ұрыс-керіс туындайды, тіпті соңы төбелеске ұласа жаздайды. Осы сәтте жолаушылар жағындағы алдыңғы орындықта отырған қыз жанжалды тоқтатудың жолы осы деді ме, әлде мінезге ерік берді ме, әйтеуір көліктің есігін ашып, секіріп кетеді. Абырой болғанда, қыз аман қалды. Секірудің машақаты былай тұрсын, жазым болайын десе, жан-жақтан заулаған өзге көліктердің астында қалу қаупі де болмай қалуы ғажап емес еді. Ұрыс-керіс, мінез сабырдан тайдырды, бірақ Құдай мықтап сақтады...
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.