АҚТӨБЕ. 11 мамыр. Ақтөбе облысы Хромтау қаласында Қазақстан шахмат федерациясы мен Еуразиялық топ (ЕRG) бірлесіп, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған іс-шаралар аясында «Шебермен кездесу» атты шахмат турнирін өткізді. Оған Қазақстан Республикасы әйелдер құрамасының жаттықтырушысы, халықаралық гроссмейстр Павел Коцур арнайы қатысып, тәжірибесімен бөлісті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Сайыс тау-кен-металлургиялық кәсіпорындары орналасқан моноқалаларда шахматты насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Шара елімізде шахмат қозғалысын дамыту бағдарламасы аясында өткізілді. Шахмат федерациясы Еуразиялық топпен бірлесіп елімізде бірқатар осындай акциялардың өтуіне ұйытқы болып келеді.
«Еуразиялық топтың еліміздің шахмат федерациясымен осындай өзара бірлескен жобаны жүзеге асырып келе жатқанына өте ризамын. Бұл шынымен өте сирек кездесетін мүмкіндік, халықаралық дәрежедегі гроссмейстермен ойын ойнау – зор қуаныш. Біздің «Қазхром» компаниясы мен Еуразиялық топ өздерінің қызметкерлеріне үнемі қамқорлық көрсетіп жүретіндігіне ризашылығымды білдіремін. Кейбір қатысушылар үшін атақты шахматшымен бүгінгі кездесу шеберліктерін дамытудың жаңа кезеңі болды», – дейді Дөң тау-кен байыту комбинаты директорының орынбасары Сайдакбар Мавладходжаев.
ERG қызметкерлері, олардың отбасылары және Хромтау қаласының тұрғындары халықаралық гроссмейстр Павел Коцурмен бір мезетте блиц-турнир өткізді. Нәтижесінде 1-орынды Ақтөбе ферроқорытпа зауыты №4 балқыту цехының операторы Мейрамбек Ақбалин, 2- орынды электр-жөндеу цехының ауысым шебері Баубек Қожаниязов, ал 3-орынды Дөн тау-кен байыту комбинаты «Молодежная» шахтасының электролиз машинисі Руслан Оспанов алды.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.