• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2015

Елордада Мексиканың елшілігі ашылады

286 рет
көрсетілді

Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Мексика Парламенті Сенаты комитетінің төрайымы, Ұлттық қозғалыс партиясының мүшесі Габриэла Куэваспен кездесті, деп хабарлады ҚР СІМ-нің баспасөз қызметі. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен болашақ дамуы мәселелерін талқылады. Қазақстан СІМ басшысы атап көрсеткендей, олар ілгерілемелі түрде жаңа деңгейге өтті. «Оған дәлел ретінде үстіміздегі жылы Мексика Үкіметінің Астанада елшілігін ашуы болып табылады, өз кезегімізде біз аталған мәселеге барынша жәрдемдесуге дайынбыз», – деп атап өтті Е. Ыдырысов. Сонымен қатар, Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы мұнай-химия, машина жасау, кен өндіру, металлургия, тоқыма және тамақ өнеркәсібінде Мексикамен тығыз байланыстың одан әрі дамуына мүдделі екенін баяндап өтіп, мексикалық жетекші компанияларды ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісінде қазақстандық бизнес­пен ынтымақтастыққа шақырды. Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуы жөніндегі келіссөздердің аяқталуын ескере отырып, Е.Ыды­рысов Президент Н.Назарбаевтың алдағы күзге жоспарланған Мекси­каға сапары барысында Қосар­ланған салық салуды болдырмау жөніндегі конвенция мен Өзара инвестицияларды қорғау туралы келісімге қол қоюды, сондай-ақ, мексикалық визаны электрондық растау жүйесіне Қазақстанды қосу мәселесін қарастыруды ұсынды. Кездесу соңында министр Мексиканың Қазақ­станның 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігін қолдағаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, Қазақстанның Мекси­каның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тәжірибесін зерттеуге ынталы екенін мәлімдеп, «мүшелікке сайлану – мемлекетіміздің сыртқы саяси бағытындағы маңызды мәселелердің бірі» болып табылатынын атап көрсетті. Өз кезегінде Г.Куэвас Мек­сика Қазақстанның елдегі және халықаралық аренадағы табыстарын мұқият бақылап отырғанын және екіжақты ынтымақтас­тық­ты түрлі салада кеңейтуге, көпжақ­ты пішімде өзара ықпалдасуды жаңартуға ниетті екенін айтты.