• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2015

«Мәскеу түбінде біздің батырларымыз жатыр...»

394 рет
көрсетілді

«Есік алдында «Мен Мәскеуден оралғанда міндетті түрде үйге кел! деп қалды 91 жастағы қарт майдангер жадырай күліп...». 9 мамыр күнгі нөмірде жарияланған «Дима ата Жеңіс шеруінде» деп аталатын мақаламыз осылай аяқталған еді. Кейіпкеріміздің Мәскеудегі парадтан оралуын күтіп жүрдік те, хабары тиісімен үйге жетуге асықтық. Алматылық ардагер қарт Дмитрий МАЛЫШЕВПЕН әңгімеміз былайша өрбіді.

–       Жолдан шаршап келген шығарсыз, Дима ата... – Шынымды айтсам, айналайын... шаршауға уақыт таппадық! Қазіргі тілмен айтқанда, бұл – біздің өміріміздегі  супер саяхат болды. Алдымен Астанадағы бізге көрсетілген құрмет туралы: ой-ой,ой... мен оны бір ауыз сөзбен, сірә, жеткізе алмаспын! Алақанына салып жүрді ғой! 7 мамыр күнгі Астанадағы Шеруді өзіңіз де көрген шығарсыз! Мұндай әскери Шеру біздің Қазақстанда бұрын-соңды болмаған... – Оныңыз рас, байқадық. Ал, Мәскеу Шеруі ше? – Мәскеу асып түсті... Енді бұл жерде бізге еліміздің Сыртқы істер министрлігінің өрімдей жас­тары нағыз қызметтің «төресін» көрсетті. Кемпіріміз екеуміз қазақтар сияқты – шәйқормыз. Олар да біліп алған, шәйдің сүтін қоюлатып әкеліп, алдымызды босатқан жоқ. Тіпті, керемет!  Біз Путиннің  резиденциясындағы қонақүйде жаттық. 23-ші қабаттан Тамара апаң екеуміз күллі Мәскеудің төбесінен шолып қарадық. Мұндай биіктен отшашуды көру ертегіде ғана кездесетін шығар. – Полктастарыңызбен кездесе алдыңыз ба? – Мен  «Багратион» операциясына қатысқан танкішілердің бірі болып саналамын. Қатарымыз сиреп қалыпты, төс қағыстырдық... Бір-бірімізге саушылық тіледік. Өзім – осы Қызыл Алаңнан 70 жыл бұрын танкпен өткенімді есіме алып, көңілім босады... – Президентпен жолықты­- ңыз ба? – Екеуімен де!.. Шеру біткен соң он-он адамнан арнайы карға отырғызып, бізді Кремльге – салтанат өтетін Георгий залына алып келді. Дастарқан самсап тұр. Тамара Семеновна екеуміздің аты-жөнімізді жазып қойған үстелге жайғастық. Алдымен бізге Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі келіп, қолымызды қысып, Жеңіс күнімен құттықтады. Сәлден кейін Владимир Владимирович Путин келіп, құттықтады. Иосиф Кобзон, Тамара Гвердцители, менің аттасым кім еді, әлгі... опера әншісі, иә, иә... Дмитрий Хворостовский ән шырқады. Ең қызық жерін айтайын ба? – Әрине, айтыңыз, Дмитрий Михайлович! – Мен сөйлегенде табақ-аяқ сылдырламай зал тып-тыныш отырды. Оны өзім де байқадым, Тамара Семеновна да растайды! Неге десеңіз, мен дауысымды кенеп алып, сөзімді: «Мәскеудің түбінде біздің батырларымыз жатыр» деп бастадым... – Тура солай, қазақша «батырлар» деп бастадыңыз ба? – Тура солай, «батырлар» деп бастадым! Мәскеуді қорғаған 28 панфиловшыдан бас­тап, Иван Панфиловтың өзін, атақты Бауыржан Момышұлын, әрине, Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің есімдерін атап-атап айттым... Олар Мәскеу үшін қан төкті, жанын аямады дедім. Біздің ерлеріміздің  есімдерін ұмытпай «28-панфиловшылар» деген ән шығарғандары үшін мәскеуліктерге Қазақ­станның атынан алғысымды айттым! – Кремльдің Георгий залында бұрын болып па едіңіз? – Жоқ. Қайдан. Бірінші рет. Залда менімен бірге болған Тамара Семеновна... Мәскеудің өзін бірінші рет көрді. – Алыс жолдан келдіңіздер... Мазалағаным үшін, айып етпеңіздер! Алғашқы сұхбатта Мәскеуден соң «хабарласамыз» деген уәдеңіз бар еді. – Рахмет, айналайын... рахмет! Мүлдем шаршаған жоқпыз! Мәскеуден Алматыға «Боингпен» жеттік. Дымы білінбейді... Бақытты адамдар, қуанышын бөліскен жандар шаршамайды.   Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ.  Алматы. Суретте: Тамара және Дмит­рий МАЛЫШЕВТЕР.  Суретті түсірген автор.