• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2015

Кері көрсеткіштің кесірі көп

235 рет
көрсетілді

Еуроаймақтағы елдердің облигацияларының кері кірістілігінің артуы дефолт тарихындағы ең ірілерінің біріне айналуы әбден мүмкін. Осыған орай, сарапшылар соңғы уақыттары дамыған елдердің қаржы проблемасындағы осы бір жағдайды жаһандық көлемдегі бақылауға көнбейтін дағдарысқа алып келуі ғажап емес дегендей пікірлер білдіре бастады. The Telegraph агенттігі өз мақа­лаларында атап көрсеткендей, қазіргі күні еуроаймақ елде­рі­нің барлық мемлекеттік обли­га­цияларының 30 пайыздан астамы кері пайыздық ставкаға ие болып отыр. Бұл құнды қағаздар көлемі 2 триллион еуро­ны құрайды. Мұндай жағдай еуроаймақтағы макроэкономикалық жағдайға қосымша ауыртпалықтар түсіреді. Және аймақтың қаржылай тұрақ­тылығындағы тәуекелді арттырады. Сарапшы Уорнердің айтуын­ша, Еуропалық орталық банк сандық жұмсарту саясатын жүзеге асыра бастағаннан бері мемлекеттік облигациялар өсімінің кері кіріс­тілігі барынша өсе түсумен қатар, жүйелі сипатта ие бола бастады. «Егер әрбір ел жағдайына жеке­лей үңілетін болсақ, статис­тика көрсеткіштері бізді тіпті, таңғалдыра түседі. Jefferies инвес­тициялық банкінің мәліметі бо­йынша неміс облигацияларының 70 пайызға жуығы кері кірістілікпен сауда­лануда. Францияда бұл көр­сет­кіш 50 пайызға жетіп отыр», деп мәлімдеген Уорнер. Егер еуроаймақтың дағдарыс жағдайын әлі де жалғастырып келе жатқандығын еске алатын болсақ, бұл қиындықтан құтылудың амал­дарының азая түскендігіне, ал дефолт қатерінің күшейіп келе жатқандығына және оның қазіргі кездің өзінде нақты сипат ала бастағандығына көз жеткіземіз. Еуропалық елдердің мем­ле­кет­тік қарыздарының артуы жағдайды одан әрі ушықтыра түсуде. Қазіргі күні бұл қарыздың көлемі еуроаймақ бойынша ішкі жалпы өнімнің 91,9 пайызына жетті. Еуроаймақтың ең ірі экономикасы Германияда бұл қарыз көлемі 74,7 пайызға жетсе, Франциядағы борыш 95 пайызды, Ұлыбританияда 98,4 пайызды құрайды. Сондай-ақ, әлемнің ең ірі экономикасы саналатын Америка Құрама Штаттарында да жағдай оңып тұрған жоқ. Мұндағы мемлекеттік қарыз көлемі қазірдің өзінде 18 триллион доллардан асып түсіп отыр. Сонымен, барған сайын айқын сипат алып келе жатқан борыш дағдарысы Батыс елдерінің экономикалық дамуына төтенше қысым түсіріп отыр. Қазіргі күнгі мұның үлкен көрінісі мемлекеттік міндеттемелер кірістілігінің теріс сипатқа ие болуы. Сарапшылардың пікірінше, оқиғалардың осылайша шиеленісе түсуі түптің-түбінде батыс экономикасының күрт құлауын туындатуы да ғажап емес.