• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2015

Қойды қасқырға бақтыру ма?

280 рет
көрсетілді

Елімізде Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне қарайтын Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті құрылған. Ал ел өңірлерінде оның аумақтық инспекциялары жұмыс жасайды. Қазіргі кезде бұл құрылымдарға жүктеліп отырған ведомстволық жауапкершілік өте жоғары. Әйтсе де, Батыс Қазақстан облыстық инспекциясының лауазымды қызметкерлері елімізге алыс шетелдерден ет өнімдерін жеткізу кезінде өздеріне сеніп тапсырылған тікелей функциялық мін­деттерді белден басқаны бел­гілі болып отыр. Мұндай кереғарлықтар мен заңсыздықтарды Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы анықтады. Атап айтқанда, аталған инс­пек­цияның мемлекеттік вете­ринарлық-санитарлық инс­пекторлары Марат Қабденов пен Серік Сүндетов осын­дай лас іс-әрекетке барған. Олар елімізге жал­ған ветеринарлық серти­фикаттар бойынша ет өнімдерінің жеткізілуіне көздерін жұма қараған. Оны көрсе де көрмегендей түр көрсеткен. Бұл тұрғыда жасалған прокурорлық тексерулер ет өнімдерін жіберуші Бразилия елінен сертификат түпнұсқасының жоқ болғанын растайды. Сонымен бірге, Литва Рес­публикасынан берілген құжат та тиісті үлгіге сәйкес келмеген. Соған қарамастан, жоғарыда аты-жөндері көрсетілген лауазымдық қызметкерлер осы сертификаттарды заңсыз түрде қайта ресімдеген. Кейін ет өнімдері тиелген автокөлік Ресей Федерациясында ұсталған. Сірә, халқымыз қойды қасқырға бақтыру деген тір­кесті осындайда айтса керек. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.