Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен көктемгі егіс жұмыстарын даярлау мен өткізу жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың хабарлауынша, биыл өңірлер әлеуметтік маңызы бар көкөністердің, ең алдымен, картоп пен сәбіздің егіс алқаптарын ұлғайтуы қажет. Оның айтуынша, өткен жылы картоп егісін арттыру бойынша мақсатты жұмыс жүргізіліп, ұйымдасқан шаруашылықтардағы егіс көлемі 12,5 мың гектарға ұлғайған.
«Өнім көлемі нарықтағы баға тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты өңірлер түпкілікті егіс құрылымын бекіту кезінде сәбіз егісін ұлғайту міндетін ескеруі қажет», деп атап өтті вице-министр.
Сондай-ақ болжамды егіс құрылымында қарақұмық егіс алқаптарын кезең-кезеңімен ұлғайту көзделген. Биыл оның егісін 10 мың гектарға – 101 мың гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр (өткен жылы – 91 мың гектар). Өңірлерге белгіленген индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Жүгері егісін кеңейтуге де ерекше назар аударылды. Алаңдардың айтарлықтай ұлғаюы Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу бойынша Fufeng Group компаниясының жаңа тік интеграцияланған өнеркәсіптік паркін, сондай-ақ Түркістан облысындағы «Қазкрахмал» ЖШС-ның крахмалды сірне өндіру зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үшін қажет.
Жаңа өндірістердің қажеттілігін тек оңтүстік өңірлер есебінен қамтамасыз ету мүмкін еместігі айтылды. Осыған байланысты солтүстіктегі астық егетін үш өңірде жүгері егіс алқаптарын әрқайсысында орта есеппен 15 мың гектарға ұлғайту міндеті қойылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығымен, Мемлекеттік сорт сынау комиссиясымен бірлесіп, өңірлерге әдістемелік әрі технологиялық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Бұл солтүстік өңірлердің жағдайына бейімделген өсіру технологияларын енгізу мен сәйкес сорттарды іріктеу бөлігінде жүзеге асырылады.
Қосымша Ауыл шаруашылығы министрлігі жүгері өсіруде практикалық көмек көрсетуге дайын екенін білдірген қытайлық компаниямен кездесу өткізді. Қытай тарапы өз елінің топырақ-климаттық жағдайлары ұқсас солтүстік өңірлерінде жүгері өсіру тәжірибесін бөлісуге, сондай-ақ осындай жағдайларға бейімделген технологиялар мен сорттарды ұсынуға дайын. Осыған байланысты өңірлерге халықаралық тәжірибені ескере отырып, жүгері егісін кеңейту бағытындағы жұмысты жандандыру ұсынылды.
Сондай-ақ өңірлерде минералды тыңайтқыштарды жөнелту басталғаны айтылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазфосфат» ЖШС-мен биыл аммофостың қосылған құн салығын есептемегендегі тоннасына 254 мың теңге деңгейінде (өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға жоғары) бекітілген баға белгілеу туралы меморандумға қол қойды. Қазір ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен шарттар жасасу мен жеткізу кестелерін келісу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Былтыр көктемгі егіс пен жинау жұмыстарын жүргізуге 7 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушісіне жалпы сомасы 501,5 млрд теңге көлемінде кредит беріліп, 7 млн гектардан астам егіс алқабы қамтылды. Қазір Аграрлық кредит корпорациясы арқылы егіс науқанына 126 фермерге 17 млрд теңге көлемінде қаржыландыру мақұлданды, тағы 235 өндірушінің 76 млрд теңгеге өтінімдері қаралып жатыр.