2 ақпан – Ұлттық баспасөз күні қарсаңында бас шаһардағы Ұлттық академиялық кітапханада елордалық қос басылым – «Astana aqshamy» мен «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдығына орай жарық көрген «Елорда шежіресі» және «В ритме столицы» кітаптарының тұсаукесері өтті.
Еліміздің астанасымен бітеқайнасып, елорданың қалыптасу, даму, өркендеу жолынан сыр шертіп келе жатқан қос басылым былтыр 35 жылдығын атап өткен еді. Қазақ және орыс тіліндегі қос кітап – осы мерейлі мерекедегі айшықты іс-шаралардың жалғасы іспетті.
Елорданың төл басылымының оқырмандар үшін орны бөлек. Осы уақыт ішінде газет бас шаһардың тыныс-тіршілігі мен жеткен жетістіктерін тұрақты түрде жариялайтын елорда үніне айналды.
«Астана ақшамы» газеті алғаш рет 1990 жылы 13 қазанда «Ақмола ақиқаты» деген атаумен жарық көрді. Бұл сол кезеңде өңірдегі алғашқы қазақтілді басылымдардың бірі болатын. Кейін Ақмолаға астана мәртебесі берілген шақта газет атауы «Ақмола ақшамы» болып өзгерді, ал 1998 жылдан басылым «Астана ақшамы» деген атаумен жарық көре бастады.
Кітаптың таныстырылымында сөз сөйлеген «Elorda Aqparat» медиа серіктестігінің директоры Олжас Сыдықбек 2025 жыл «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттеріне табысты болғанына тоқтала келіп, бұл басылымдар елордалық қана емес, отандық журналистиканың да темірқазығына айналғанын атап өтті. «Astana aqshamy» газеті – журналистерді тәрбиелейтін нағыз ұстахана. Мұнда шыңдалған талай журналист бүгінде мемлекеттік басылымдарда, түрлі ақпарат құралдарында абыройлы қызмет атқарып жүр. 2015 жылдан бастап қос басылым медиахолдингтің құрамына кіріп, заманауи ақпараттық ортаға бейімделіп жұмыс істеп келеді. Біздің басты миссиямыз – елорда мәртебесіне лайық жұмыс істеп, қазіргі медианың барлық талабына сай болу», дейді О.Сыдықбек.
Екі басылымның тарихы қатталған жинақта елорданың алғашқы қалыптасу кезеңінен бастап бүгінге дейінгі елең еткізерлік жаңалықтар мен сол кезеңдерде жарық көрген мақалалар легі топтастырылыпты. Сонымен қатар 35 жылдың ішінде шежіреге айналған айшықты оқиғалар, әр кезеңдегі газет басшылары мен көрнекті қаламгерлердің, білікті авторлар мен ойлы оқырмандардың естеліктері жарық көрген.
Газет беттерінде шыққан материалдар жинақта хронологиялық тәртіппен беріліпті, оқырмандар елордада қай жылдары қандай оқиға болғанын осы деректі жылнама арқылы оңай тауып, тарихи оқиғалар тізбегіне терең үңіле алады.
Мәдени-рухани жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер мен газеттің ардагер журналистері қатысып, «Еліміздегі қалғымайтын қаланың қазағы қолынан тастамайтын газетке айналсын» деген ақ тілектерін жаудырды.