Атырау облысында көлігіне газ құятын жүргізушілер қатары көбейіп келеді. Мәселен, 2024 жылы газ пайдаланатын көліктер саны 20 мыңға, былтыр 27 мыңға жеткен. Биыл мұндай көліктердің саны 30 мыңнан асуы мүмкін. Бұл өңірде газға сұранысты арттырып, тапшылық тудырмай ма?
Энергетика министрінің орынбасары Қайырхан Тұтқышбаевтың дерегіне сүйенсек, биыл қаңтар айына жоспарға сәйкес өңір қажеттілігіне 7 110 тонна сұйытылған мұнай газы бөлініпті. Алайда облыстың ай сайынғы нақты сұранысы – 9 мың тонна. Тапшылық деңгейі 21%-ға жетіп отыр. Осыған байланысты жергілікті әкімдік министрліктен қосымша үш мың тонна газ сұраған еді. Бірақ министрлік тарапынан бұл сұраныс толық қамтылмай, қосымша 1500 тонна газ бөлініпті.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Анар Ахметованың айтуынша, Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес алдағы айларда берілетін газ көлемі едәуір азайыпты. Мәселен, ақпан айына 6 667 тонна, наурыз айына 6 910 тонна сұйытылған мұнай газын беру қарастырылып отыр.
Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың пікірінше, алдағы айларға жоспарланған көлемі ай сайынғы сұраныс көрсеткішінен айтарлықтай төмен. Демек жақын айларда газ тапшылығының қайталану қаупі бар. «Мұнай мен газ өндірілетін Атырау облысында мұндай жайт болмауға тиіс», дейді депутат.
Атырау облысы