Бикен Римова атындағы академиялық драма театры бұл жолы көрерменін поэзия әлеміне жетелеген ерекше кештің куәсі етті. Қазақтың мұзбалақ ақыны М.Мақатаевтың 95 жылдығына орай «Мұқағали» атты моноспектакль сахналанып, руханиятты сағынған жұртшылыққа әсерлі тарту жасалды.
Айтулы кеш ақын рухына тағзым етіп қана қоймай, поэзияның сахнадағы өміршеңдігін тағы бір дәлелдеді. Сұлтан Сраиыловтың шығармашылық идеясы негізінде дүниеге келген бұл жоба – дәстүрлі спектакльден гөрі поэтикалық сырласу форматына жақын. Қойылым режиссері Ұлан Ахметов, композиторы Тұрсынжан Шапай. Ал басты бейнені Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сафуан Рысбайұлы сомдап, көрерменді ақынның жан дүниесімен жүздестірді. Сахнада оған Дархан Дүйсенов, Күнекей Мұхтархан, Ариза Асқарова, Қарақат Шындәулет және Әсем Мұратова серік болды.
«Мұқағали» моноспектаклі – өмірбаяндық баяндау емес, бұл – ақынның жан әлеміне үңілуге жасалған көркем талпыныс. Біздің мақсат – көрерменге дерек айту емес, сезім сыйлау болды. Мұқағали поэзиясы – тұнып тұрған эмоция, ішкі дауыс, адам жанының арпалысы. Сахналық шешімдерді барынша ықшам ұстап, сөз бен үнсіздіктің қуатына сүйендік. Себебі Мұқағалиды артық қимылмен емес, жүрекпен оқу керек. Бұл қойылым – ақынмен сырласу, көрерменді де сол сырласуға шақыру», дейді қойылым режиссері Ұлан Ахметов.
Моноспектакльде сөз, үнсіздік және ішкі эмоция үндесіп, Мұқағалидың махаббатқа, тағдырға, уақыт пен жалғыздыққа қатысты терең толғаныстары поэзия тілімен өрілді. Қойылымның ықшам пішіні көркемдік қуатты әлсіретпей, керісінше, әр сөздің салмағын арттыра түскен. Небәрі қырық бес минутқа сыйған сахналық шешім көрерменді бір сәтке де бейжай қалдырмады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев поэтикалық жанрдың қазақ болмысына жақындығын атап өтіп, актердің Мұқағали поэзиясын сахнада «тірілте» білгенін жоғары бағалады. Оның айтуынша, қысқа да нұсқа қойылым жүрекке жол табатын әсерімен құнды.
Басты рөлді сомдаған Сафуан Рысбайұлы бұл жұмысты ақын жан дүниесімен сырласу деп сипаттайды. «Мұқағали – сарқылмайтын әлем. Бір кітабының өзінде адам өміріне қатысты барлық тақырып бар. Біз сол терең мұхиттың бір ғана тамшысын ұсындық», дейді актер.
Кеш соңында жұртшылық әртістерге тік тұрып қошемет көрсетті.
Жетісу облысы