Шапқан аттай жүйрік уақыттың қалай зымырап өткенін байқамай қалады екенсің. 2015 жылдың қақпасын ашқанымыз күні кеше ғана сияқты еді, міне, алғашқы тоқсанын кейінге қалдырдық. Төрткіл дүниенің әр қиырында алуан оқиғалар өршіп, адамзатты алаңдатып отырғаны және рас. Біздің бәрімізге ыстық жерұйығымыз – Қазақстан болса, егемендік алған сәттен бергі қалыпты тірлігін бұзбай келешекке сенімді қадам басып барады.
Кешегі кеңестік қоғам тұсында оқып, қызметке араласқан, санада «Үкімет өлтірмейді» деген қасаң қағида орныққан буын өкілдеріне тәуелсіздіктің бастапқы жылдарындағы нарықтық экономика екпіні жайсыздау тиіп, көңілде күмән-күдіктер ұялатқанын несіне жасырамыз. Осындайда ойға ата-бабадан жеткен «Жігіттің кім екенін білгің келсе, қолына билік бер. Ол өткір ұстара тәрізді, ұстай алмаса өз қолын өзі тіліп түседі» деген тамаша тәмсіл оралады. Халықтың таңдауы өзіне түскенде ауыр жауапкершілікті мойнына алғанын Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жақсы түсінді. Ауылда туып-өсіп, қаршадайынан еңбекте шыныққан, мың градустық ыстықтағы домна пешінің түбінде металл қорытушылық кәсіпте жетілген ол өзіне жүктелген қызмет сатыларында әбден төселді. Ең бастысы – ұдайы оқумен, ізденумен жүріп, халыққа қызмет етуді өмірлік мұрат қылды.
Бас-аяғы ширек ғасырға жетпейтін қысқа мерзімде Қазақстанды әлемге танытты, өзі де саяси сахнадағы ең таңдаулы тұлғалар шоғырынан көрінді. Шынын айтайық, қытайлардың «Мықты болсаң, екі қоғам алмасқан кезеңде өмір сүр» деген қағидасының дұрыстығын отандастарымыз айқын аңғарған болатын. Социализм тұсындағы жоспарлы жүйе сөгіліп, өнеркәсіпте де, ауыл шаруашылығында да құрылымдар ыдыраған шақта Елбасы ұстамды қалпын жоғалтпай әлемдегі дамыған елдер тәжірибесіне ден қойды. Ресми делегациялар құрамында іскер топтар өкілдері, кәсіпкерлік құпияларын меңгере бастаған сауатты, ізденуге құмар жастар болуы нәтижесінде сәтті бағдарламалар жүзеге асырыла бастады.
Ел астанасының Алатау бөктерінен Сарыарқаның сайын даласындағы Ақмолаға көшірілуі де – Назарбаевтың батыл әрекеті. Сол тұста экономикада белең алған дағдарыс салдарынан жалақының айлар бойы қолға тимегені рас. Жұмыссыздық адамдардың базарда ала дорба арқалауына әкеліп соқтырды. Президентіміз осының бәрін көре тұра тәуекелге бел буды. Уақыт бұл шешімнің дұрыстығына көз жеткізді. Астана атауын алған шаһар қысқа мерзімде ғажайып құрылыстарымен, сәулет өнерінің озық үлгілерімен әлемге танылды. Әр қиырдан халықтың үлкен ықыласпен қоныстануы нәтижесінде қала тұрғындарының саны миллионға жуықтады. Адамзат тірлігіне қатысты мәселелерді қозғаған форумдар мен басқосулар қонақтары Қазақ елінің бейбітшілік сүйгіш, қонақжай, адам жатырқамас сипатын Астана бедерінен көріп, мойындағаны – біз үшін мерей. ЭКСПО-2017 көрмелерінің қалашығы да Нұрсұлтан Әбішұлының алысты болжау қабілетіне дәлел.
«Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» деп аталатын Жолдауында Астанадан еліміздің әр қиырына автокөлік, теміржол және әуе қатынасы жүргізілетіні тұжырымдалды. Әлеуетті елге тән шынайы көрініс деп сүйсінеміз.
Елбасының қай кезеңде қандай сәтте болмасын халық мүддесін жадынан шығармайтынына алуан мысал келтіруге болады. Мен кешегі кеңестік дәуірдің соңғы жылдарында, кейін егемендігіміз жарияланған алғашқы шақта Қарабұтақ ауданында редакторлық қызмет атқардым. Әртүрлі жиналыстарға, шараларға қатысу ретімен екі жүз он шақырым қашықтықтағы облыс орталығына келеміз. Сонда қатты жамылғылы көтерме жол делінгенімен қиқы-шойқы шұқанақтар салдарынан әр тұста аялдап, алты-жеті сағатта әрең жететінбіз. Қазір ше?! Айнадай жарқыраған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі сол Қарабұтақтың тұсымен бір жағында Ырғызға, екінші жағында Хромтауға бет алған. Ақтөбеңе зулап отырып, екі сағатта жетіп барасың. Оның бер жағында ауыл тұрғындары көгілдір отын игілігін көріп, от жағу машақатынан құтылды.
Дәуірдің әдемі көрінісі – жаңа ғасыр басынан бері өңір үстімен «Хромтау – Алтынсарин» теміржолы өтіп жатыр. Аудан орталығы Комсомолдың тұсындағы болат магистральдың және «Ақтөбе – Астана» тас жолының екпінімен құрылыс кең қанат жайды, кәсіпкерлер жер телімін алып, халыққа қызмет ету нысандары үшін екі немесе үш қабатты ғимараттар салуда, жеке тұрғын үй салуға тілек білдірушілер қаншама?!
Әңгімемізге тұздық ретінде мынандай дерек келтірген артық болмас. Өткен жылы облысымызда елді мекендерді газбен қамту нысандарына 6,2 миллиард теңге бөлініп, игерілді. Нәтижесінде Алға ауданының Маржанбұлақ, Бесқоспа, Қайыңдысай, Қобда ауданының Талдысай, Әлия, Бестау, Қобда, Қарғалы ауданының Степное, Бородиновка, Әйтеке би ауданының Қарабұтақ, Байғанин ауданының Қарауылкелді, Мәртөк ауданының Родниковка, Ақтөбе қаласы аумағында Өлке ауылдары газдандырылды. Биыл Ақкемер, Қарақұдық ауылдарын табиғи газ желісіне қосу толық аяқталып, Ырғыз және Ойыл аудандарының орталықтарына, Мәртөк ауылының Жайсаң ауылына газ құбырын тарту жұмыстары жалғастырылады. Мұндай игілік кешегі Кеңес Одағы тұсында үш ұйықтасақ түсімізге кірген жоқ еді.
Облыстың оңтүстігінде Шалқар ауданы Арал теңізінің экологиялық апатты аймағында орналасқан. Қысқа мерзімде төселген «Жезқазған – Бейнеу» теміржолы өңірдің тұрпатына қан жүгіртті. Жаңадан салынған бекеттер мен стансаларда халық шоғырланып, өндірістік және әлеуметтік мекемелер ашылуда. Шалқар қаласынан өзге Бозой, Бегімбет, Аққайтым, Мырзағұл Шыманұлы, Жылтыр, Мөңке би, Қайдауыл, Қотыртас ауылдары көгілдір отын игілігін көріп отыр. Мейіржан Өндіргенов, Серік Әйтенов, Абай Ноғаев, Болатбай Елеусізов, Марат Ержанов сияқты кәсіпкер азаматтардың туған ауыл түтінін түзу шығаруға деген ықылас-ынтасы айтуға тұрарлық. Қалың жұртшылық бұл жағдайлардың бастауында Елбасы тұрғанын жақсы түсінеді.
Президентіміздің тікелей қамқорлығын тіршіліктің барлық саласынан көріп жүрміз. Өткен жылы облысымызда үш ауысымды оқытуды жою үшін жаңадан үш мектеп ғимараты пайдалануға берілді, апатты жағдайда екі мектеп орнына типтік жобамен жаңа ғимарат салынды. Бұдан өзге елді мекендерде он дәрігерлік амбулатория тұрғындар игілігіне берілсе, денсаулық сақтау саласының 16 мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары үшін бюджеттен бөлінген 375,7 миллион теңге қаржы толық игерілді.
Мемлекет басшысының көрегендігі нәтижесінде «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты қаржылық дағдарысты еңсеруге мүмкіндік берді. Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасы дағдарысқа қарсы шаралар ішінде негізгі қадам бюджет шығындарын оңтайландыру болып табылатынына, бірақ мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелеріне тиіспеу керектігіне ерекше назар аударды.
Кез келген ұлттың, кез келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты тірегі – тіл. Жасыратыны жоқ, егемендіктің алғашқы кезеңінде биік мінбелерден көпірме сөздер ағытылды. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл сында да байсалды қалпынан ауытқымады. Мемлекеттік тіл саясатын кезең-кезеңмен жүргізуге бағытталған бағдарламалар ұлттар мен ұлыстар арасындағы достықты, өзара түсіністікті баянды етуге жол ашты. Кеңес Одағы тұсында біздің облыс орталығында бір ғана қазақ мектебі болса, қазір олардың саны 35-ке жетті. Қала бойынша мектептердегі барлық балалардың 82 пайызы қазақ мектептері мен аралас мектептердің қазақ сыныптарында оқиды. Облыстың және Мәртөк ауданының орталықтарында жұмыс істейтін Достық үйлері алуан ұлт өкілдері бас қосып, мәдени шаралар ұйымдастыратын орынға айналды. Биыл өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйреніп, меңгеруіне облыстық тілдерді дамыту басқармасы арқылы облыстық бюджеттен 6 миллион 797 мың теңгеден астам қаржы бөлінді. Этномәдени бірлестіктер жанындағы алты жексенбілік мектеп тыңдаушыларына мемлекеттік тілден және өз ұлтының ана тілінен дәрістер берілуде. Сөйтіп, Елбасының «Мәңгілік Ел. Мәңгілік тіл» ұстанымын жүзеге асырудың берік негіздері қаланып келеді.
Халыққа қызмет етудің үлгісін көрсететін маңызды құжат – «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде сөйлеген сөзінде партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген бес халықтық реформа. Артық еңбек ресурстарын ауылды жерлерге тарту, мемлекет құраушы халық ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеу мәселелері, сөз жоқ, Елбасы көрегендігінің дәлелі.
Тарих үшін мейлінше қысқа мерзімде Отанымызда білімді, іскер, заманауи технологияны шебер меңгерген мемлекеттік басқару аппараты жасақталды. Қазақстан халқы ынтымақ пен өзара түсіністікті баянды етіп, алдағы асуларды алатынына шүбә жоқ. Осындай қол жеткен табыстарымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен көсемдік көрегендігінің арқасы екенін барша қазақстандық айқын сезініп отыр. Сондықтан елімізде өткізілген кезектен тыс президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев айқын басымдықпен жеңіске жетті. Халқы өзі өмірге әкелген баянды бастамалары мен бағдарламаларын жүзеге асыруға сенім артты. Ал елі үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, халқының қамын жеген біртуар азаматтың бұған дейінгі жолы болашағымыздың бұдан да нұрлы болатынына дәйекті дәлел екені сөзсіз.
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе облыстық ұйымы төрағасының орынбасары.
АҚТӨБЕ.