• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2015

«Нұр Сұңқардың» жеңімпаздары анықталды

327 рет
көрсетілді

Кеше Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында елордада «Astana Music Hall» мейрамханасында жыл сайынғы дәстүрлі «Нұр Сұңқар» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Аталған шараны «Нұр Отан» партиясы мен Инвестициялар және даму министрлігі ұйымдастырды. Шараның ашылу салтанатын­да «Нұр Отан» партиясы Төра­ғасының бірінші орынба­сары Бауыржан Байбек БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың мемлекеттің стратегиялық жоспарларын іске асырудағы рөлін атап өтті. «Қазақстанда мемлекеттің тұ­рақ­ты дамуының, баянды эконо­микалық өсудің, Елбасының дана сая­сатының арқасында бүгін­­гі заманауи, техникалық жабдық­талған, бәсекеге қабілетті медия­лық кеңістік қалыптасты және біздің мемлекетіміздің мақсаты биік жоспарларын іске асыру тек БАҚ-тың белсенді қатысуымен ғана мүмкін. «Нұр Отан» партиясы бүгін де, ертең де Қазақстандағы ақпараттық саланың дамуын ынталандыруға, журналистің кәсіби және тұлғалық өсуі үшін жағдай туғызуға ниетті», деп атап өтті Б.Байбек. Биылғы жылы «Нұр Сұң­қар» байқауына қатысуға респуб­ликалық және өңірлік БАҚ-тардан 220 өтініш түсті, олардың ішінде 132 жұмыс алдын ала іріктеуден өтті. Келіп түскен материалдардың 65 пайызы қазақ тілінде болғанын және үштен екісін өңірлік журналистердің ұсынғанын атап өткен ләзім. Байқау комиссиясы «2050» Стратегиясын, «Нұрлы Жол» бағдарламасын, Бес халықтық реформаны, «Мемлекеттік құры­лыстың 100 қадамын» іске асыруды көрсеткен, тәуелсіздік, бір­лік пен келі­сімді насихаттаған, сон­дай-ақ, партия қызметі туралы материалдарды қабылдады. Биылғы жылы тұңғыш рет екі жаңа аталым қосылды – «Қоғам үні» – ең үздік радиожурналист және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы ең үздік материалдар үшін» аталымы. Сыйлықтар 9 аталым бойынша берілді. «Сөз шебері» – ең үздік газет жур­­налисі аталымын – Юлия Ма­­гер, «Казахстанская прав­да» газетінің шолушысы; «Ерекше пікір» – ең үздік телевизиялық журналист аталымын Еркін Мұхамеджанов, «Қазақстан» телеарнасы «Апта. кz» телебағдарламасының жетек­шісі; «Қоғам үні» – ең үздік радио аталымын – Қазақ радиосы «Қайырлы таң, Қазақ елі» бағдарламасының бас редакторы Құралай Жұмаханова мен «Орда FM радиосының директоры Азамат Исаев жеңіп алды. «Медиа – профи» – ең үздік ақпараттық агенттік журналисі аталымын – Балажан Серғали, «Bag kz» ақпараттық порталының бас редакторы; «Ай­мақ айнасы» – ең үздік өңірлік тіл­ші аталымын – «Мұнайлы Астана» (Атырау облысы) газетінің бас редакторы Құттыгерей Смадияр мен «Наш Костанай» газетінің тілшісі Александр Кузьмичев иеленді. «Көзқарас» аталымын – ең үздік блогер – Тимур Кубеков; «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы ең үздік материалдар үшін»» аталымын – Гүлбану Аюпова, 31 телеарнасы «Информбюро» ақпараттық қызметі астаналық филиалының шеф-редакторы; «Қазақстандық журналистикаға қосқан үлесі үшін» аталымын – Айдос Үкібаев, «Хабар» агенттігі АҚ басқармасының төрағасы; «Партия қызметі туралы ең үздік материал үшін» аталымын – Ирина Якунина, Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Астана» телеар­насының меншікті тілшісі иеленді. Әр аталым бойынша 1 млн. теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді. «Нұр Сұңқар-2015» сыйлығының демеушісі «Цесна Банк» АҚ болды. Сондай-ақ, салтанатты рәсімде Инвестициялар және даму минис­трлігінің атынан «Ақпарат сала­сының үздігі» төсбелгілерін табыс ету салтанатының рәсімі өтті. Құрметті белгінің 8 иегер­лерінің ішінде «Егемен Қазақстан» газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі Шөпеғұл Жолдасбек әріптесіміз бар. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист. Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.