• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2015

Қытай Вице-премьерімен кездесті

292 рет
көрсетілді

Кеше Үкімет үйінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Астанаға жұмыс сапарымен келген Қытай коммунистік партиясының ОК Саяси бюросы Тұрақты комитетінің мүшесі, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Вице-премьері Чжан Гаолимен кездесіп, келіссөз  жүргізді. «Қытай қашанда біздің сыртқы саясатымыздағы ең маңызды басымдықтарымыздың бірі болып келді және бола бермек. Екі ел арасындағы өзара қатынас жаңа деңгейге көтеріліп, жан-жақты стратегиялық сипатқа ие болды. Біздің ортақ жетістігіміздің кепілі жоғары деңгейдегі саяси диалог болды», деп атап өтті Б.Сағынтаев кездесу барысында. Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының айтуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бірін бірі үйлесімді толықтырып, екі елдің өзара тиімді әріптестігіне жаңа перспективалар ашады. Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселесін талқылады. Атап айт­қанда, өндірістік қуаттарды ҚХР-дан Қазақстанға көшіру, ауқымды көлік жобалары ая­сын­дағы іс-қимыл, трансшекаралық су ресурстарын пайдалану, энерге­тика, ауыл шаруашылығы сала­ларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ, Қытайға дәстүрлі қазақстандық өнімдер экспортын (мыс, феррохром, темір кенді түйіршіктер, болат прокаты және т.б.) ұлғайту мәселелері қаралды. Қытайдың шығыс және оң­түстік-шығыс провин­ция­ларының жоғары экономикалық және инвестициялық әлеуетін, сондай-ақ, ШҰАР-дің экономи­калық маңыздылығы артып келе жат­қанын ескере отырып, Қазақ­стан ҚР мен ҚХР Өңіраралық ынты­мақ­тастық форумын құруды ұсынады. Б.Сағынтаев пен Ч.Гаоли мәдени-гуманитарлық салада, студенттермен және тағылымдамадан өтушілермен алмасуда екі ел арасындағы ынтымақтастық нығая түскеніне тоқталды. Қазіргі таңда Қытайдың жоғары оқу орын­дарында 12 мыңға жуық қазақ­стандық студенттер мен оқушылар білім алуда. 2015-2016 оқу жы­лына қытайлық тарап қазақстан­дықтарға арнап 59 грант бөліп отыр. Қазақстан отандық ЖОО-лар­да білім алу үшін 83 грант бөлді.