• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Бокс Бүгін, 08:02

Ла-Нунсияда 17 жүлде бұйырды

10 рет
көрсетілді

Испанияның Ла-Нусия қаласында ұйымдастырылған халық­аралық турнирде еліміздің 11 боксшысы финалға дейін жетті.

Алғашқы болып рингке қыздар көтерілді. Жарыста өзін жақсы қы­рынан көрсеткен Назерке Серік (65 кг) Ұлыбританияның өкілі Кайла Алленнен айласын асыра алмады. Аса ауыр салмақтың алтынын еліміздің қос былғары қолғап шебері өзара сарапқа салды. Бұл бәсекеде Умида Садықова Панар Сейітханқызына бірнеше ауыр соққы дарытқаннан кейін төреші кездесуді тоқтатты.

Жігіттеріміз жарысты қар­қын­ды бастады. Санжар Тәш­кен­бай (50 кг) испаниялық Исмаэль Маграуи Фрианның әб­ден сі­лік­песін шығарды. Махмұд Сабыр­хан (55 кг) англиялық Эллис Троу­бриджді соққы­ның астына алды. Нәтижесінде, қар­сы­­ла­сының қабағы жарылды. Бә­секе дереу тоқтатылып, төреші қандасымыздың қолын көтер­ді. Төрехан Сабырханға (70 кг) Дипакты ұту кәдімгідей қиындық туғызды. Бірінші раунд Үндістан өкілінің пайдасына шешілді. Десек те қалған кезеңдерде қар­қынын күрт күшейткен әлем чемпионы жеңісті жұлып алды.

Жартылай финалда әлем чем­­пионы, украиналық Юрий Захареевті жеңіп, дүйім жұрттың алдында зор бедел жиған Аман Қонысбеков (75 кг) финалда жан­күйерлерін қуанта алмады. Үнді елінің мықтысы Акашқа қар­сы айқаста жеңілістің кермек дәмін татты. Нұрбек Оралбай (85 кг) турнирге бейтарап спортшы ретінде қатысқан Иран боксшысы Ариан Саид Панахты еш қиналмай ұтты.

Финалда Сағындық Тоғам­байды (90 кг) Энмануэль Рейес Пла күтіп тұрды. Испанияның атынан сынға түсіп жүрген куба­лық қабыланның Париж Олим­пиадасының, әлем чемпио­на­тының үш дүркін қола жүлдегері деген атағы бар. Оның үстіне жарыс Пиреней түбегінде ұйым­дастырылды. Тең дәрежеде өткен жекпе-жекте жеңіс ринг қожа­йынына берілді. Аса ауыр сал­мақ­тылардың соңғы сынында қазақ­тың қос алыбы­ның жолдары қиысты. Бұл бәсекеде Айбек Оралбай Нұрасыл Асыл­ханнан басым түсті. Жартылай финалда жеңіліс тап­қан Тимур Нұрсейітов (75 кг), Аза­мат Бектас (80 кг), Нұрбек Мұрсал (70 кг), Нұрзат Оңғаров (50 кг), Элянұр Тұрғанова (48 кг), Гүзал Сады­қова (80 кг) қола медаль­ды қана­ғат тұтты. Сөй­тіп, тур­нир­ді еліміз­дің ұлт­тық құра­масы 6 алтын, 5 күміс, 6 қола, бар­лығы 17 жүл­де­мен қоры­тын­дылады. Осы көрсет­кіштің арқа­сында жерлестері­міз жалпы командалық есепте жеке-дара көш бастады.

Соңғы жаңалықтар