• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2015

Жаһандық үнқатысу алаңы

354 рет
көрсетілді

Жыл сайын Астана қала­сын­да Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасымен әлемдік экономикалық форум өткізу дәстүрге айналды. Міне, биыл сегізінші рет өткізілгелі отырған Астана экономикалық форумына (АЭФ) әлемнің 90 елінен 3 мыңнан астам делегат қатысады деп күтілуде. Әлем сарапшыларының бірауызды пікірінше, АЭФ бүгінгі жаһандық экономикалық дағдарыстардың себеп-салдарларын айқындап, қиындықтан шығу жолдарын белгілейтін шынайы әлемдік пікірсайыс алаңына айналды. Форум қарсаңында біз «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-тың басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әсет ЕРҒАЛИЕВТІ әңгімеге тартқан едік.

– Әсет Арманұлы, әңгі­ме­міз­­­­дің әлқиссасында Астана ­эко­номикалық форумына қыс­қа­ша сипаттама беріп, оның мақсаты мен мазмұнына тоқ­талып өтсеңіз.

– Астана экономикалық форумы – экономикалық міндеттерді талқылап, шешім шығаратын Еуразиядағы тұңғыш үнқатысу алаңы. АЭФ-тің мақсаты әлемдік сарапшылар қауымдастығын жаһандық экономиканың ең өзекті деген мәселелері бойынша нақты шешім шығаруға жұмылдыру болып табылады. Форумда ірі шарт­тар мен келісімдерге қол қойы­лады. Форум жұмысының басты қорытындысы – әлем сарап­­шыларына жаһандық эконо­миканың даму бағыттары үшін нақты кеңес беру.

Жыл сайын АЭФ Қазақ­стан­ның индустриялық-инновация­лық жобаларына миллиардтаған теңге инвестиция тартады. Бұл әлемнің ең ірі халықаралық форумы Президент Нұрсұлтан На­зарбаевтың бастамасымен және тікелей қатысуымен өткізіледі. Биылғы жылы форумда ең жоға­ры тиімділік пен мазмұнға баса назар аударылып отыр. Біз талқы­ланатын мәселелер санын қыс­қар­тып, негізгі тақырыптарға басымдық бердік. Небәрі екі күн ішінде 30 маңызды сессия өткізіледі. Бұл сессиялардың барлығы дерлік негізгі тақырып – экономиканың басым бағыты ретіндегі инфрақұрылымды дамыту мәселесіне арналады.

– Биылғы Астана экономика­лық форумының негізгі тақы­рыбы «Инфрақұрылым – эко­номиканың тұрақты дамуының драйвері» деп аталады. Оның мәні неде?

– «Инфрақұрылым – экономи­каның тұрақты дамуының драй­вері» атты биылғы форум тақы­рыбы кездейсоқ таңдалған жоқ. Экономикалық тарихқа үңілсек, дәл инфрақұрылымның дамушы және дамыған мемлекеттерде жұмыс өнімділігі мен жұ­мысбастылық деңгейін өсіріп, экономиканың ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз еткен бірден-бір фактор болғанын аңғару қиын емес. Инфрақұрылымға салынған инвестициялар дағдарыстан кейінгі экономикалық белсен­ділікті қалпына келтіруге көмек­тескен. Мәселен, өткен ғасырдың 30-жылдарындағы АҚШ-ты алсақ, Конгресте президент Рузвельттің жол салу ұсынысын көпшілік қол­дады деп айта алмаймыз. Жаңа автобандарда жүк қатынасы көп болған жоқ, сол себепті мұ­ның бәрі қажетті қаражатты ысы­рап ету болып көрінді. Алай­да, болашақта дәл осы инфра­құ­рылым экономи­­­­­­ка­­­ның қалпы­на келтірілуіне серпін берді. Бүгінде бұл жолды Қытай сияқ­ты көптеген елдер таңдады. Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев жария­лаған «Нұрлы Жол» Жаңа Эко­номикалық Саясаты да инфра­құрылымды дамытуды көздейді. Инфрақұрылымды экономиканың күретамыры десек, артық айтпаймыз.

– Сол бағдарламаның ең ірі жобаларының бірі – жаңа Жібек жолы. Осыған кеңірек тоқталып өтсеңіз.

– «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» жолының қазақстандық бөлігінің құрылысы арқасында мыңдаған отандастарымыз жұмыспен қамтамасыз етілді. Жоба аяқталған соң жол бойында тиісінше инфрақұрылым, жаңа жұмыс орындары пайда болып, салық базасы өспек.

«McKinsey» халықаралық компаниясының баға беруі бойын­ша, экономикалық белсенділік оңтүстік пен шығысқа қарай ойысып, 2050 жылға қарай Қазақстан әлемдік экономиканың «аймақтық белсенді орталығына» айналмақ. Бұл бірқатар үрдістердің қалып­тасқан жағдайды өзгертіп, Үкімет пен жеке меншік сектордың ойлау салтын өзгертуге, жұмыстың жаңа тәсілдерін енгізуге мәжбүрлеу есесінен пайда болады. Сондықтан, аталмыш жоба осы тұрғыдан алып қарағанда өте қажет. Қа­зақстанның географиялық орналасуын тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Бизнесмендерге де тигізер пайдасы орасан зор. Егер теңіз дәлізін пайдалану кезінде Қиыр Шығыстан тауар тасымалдау 45 тәулікті құраса, Ресей аумағы арқылы өтетін Транссібір теміржолы арқылы тек 15 күн. Ал аталған транзиттік көлік дәлізімен Қазақстан мен Ресей арқылы тек 10 тәулік уақытты алады. Оның үстіне Қытай – Орталық Азия, Қытай – Ресей телімдері бойынша тауар жеткізілімі одан да тез жүзеге асатын болады.

«Болашаққа бағдар – ХХІ ғасырдың әлемдік экономикасы» атты арнайы сессияда мамандар 2050 жылдарда жаһанда қалыптасатын жағдайларды талқылайды. Сессияның негізгі тақырыбы: 2050 жылдардағы әлемдік экономиканың архитек­турасы, алдағы 10 жылдықтар­дағы жаһандық экономиканы айқындайтын бағыттар, Шығыс­тың күшеюі және Азияның жаң­ғыруы деген мазмұнда болады. Урбанизация тақырыбына арналған сессияда бүгінгі таңда қалыптасып отырған көші-қон мәселелері талқыланады. Қазіргі таңда дамыған елдердегі ІЖӨ-нің 70-80 пайызы – қалаларда тұратын халықтың белсенді экономикалық қызметінің нәтижесі. Қазақстанда бұл көрсеткіш біршама төмен.

– Форумда тағы қандай жобалар қарастырылады?

– Жоғарыда атап өткеніміздей, әлемдік сарапшылар бас қосатын екі күндік форумда 30 кешенді шараны талқылау жоспарланып отыр. Олардың әрқайсысы өзін­ше қызық, өзінше дара. Мысалы, елдің бас қаласының 2030 жылға дейінгі дамуының 3D стимуляторы көрсетіліп, әлем­дік экономиканың болашағы, мұнай бағасының төмендеуі жағдайындағы қолданылатын шаралар мен тәуекел мәселелері қарастырылады. Сондай-ақ, бұл Форум – елімізге жаңа көлемді инвестициялар тартудың негізгі көзі.

– Қазақстан тікелей шетел инвестицияларын елдің индус­­­трия­лық-инновациялық дамуы­на тартып, кейбір арнайы эконо­микалық аймақтарды (АЭА) шет­елдік серіктестердің басқаруы­на беруге ниетті. Осы ретте нақ­ты бір келісімшарттар жасала ма?

– Алдын ала болжам жасамай-ақ қояйық. Жыл сайын АЭФ-та ең ірі деген шарттар мен келісімдерге қол қойылатындығын еске сала­й­ық. Биыл да форумда инвесторларды тарту жөніндегі шаралар кешені мен ұсыныстар даярлану үстінде. Өздеріңіз білетіндей, ел Үкіметі осы мәселеде бірқатар нақты қадамдарға барды. Мәселен, корпоративтік табыс салығы мен жер салығынан 10 жылға дейін босату, әкімшілік жүктеме мен бюрократиялық тәртіпті жұмсарту үшін «бір терезе» қағидасын ұйымдастырды. Британдық заңна­ма аясында барлық даулы мәсе­лелерді шешіп отыратын инвес­тициялық омбудсмен де құрылды.

– Форумға қызығушылық әлемге әйгілі спикерлердің қа­тысуы есебінен де артты. Биыл кім қатысады?

– Әлемнің 90 елінен келетін 3000 қатысушының әрқайсысын өзінше дара тұлға деп есептеймін. Белгілі саясаткерлер, қазіргі және бұрынғы мемлекет және үкі­мет басшылары, ең ірі қаржы даму институттары мен тран­с­ұлттық компаниялардың жетек­ші­лері қатысады. Белді ғалым­дардың ішінен Кеннет Рогоф­ты атап көрсетуге болады. Аме­рикалық экономист, Гарвард университетінің профессоры, макроэкономикалық саясат мәселелері жөніндегі ең салмақты сарапшылардың бірі. Оның Кармен Рейнхартпен бірлескен жұмысы АҚШ пен Еуропалық одақтың 2008-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы саясатына зор ықпал етті. Форумға Нобель сыйлығының лауреаттары да қатысады. Олардың арасында Фин Кидланд, Эрик Маскин, Томас Зюдов, Джордж Смут бар.

– Биыл форум «жасыл экономика» қағидаттарына сүйеніп өтеді. Ол нені білдіреді?

– Қазақстанда екі жылдан кейін ЭКСПО-2017 көрмесі өтетіндігі белгілі. Бүкіл әлем «жасыл экономикаға» үлкен мән беріп отыр, осы үрдістен біз де қалыспадық. Форумда тараты­латын қаламсап, блокнот сияқты заттардың көбі қайта өңделген материалдардан жасал­­ған. Одан бөлек, биылғы жылы форумда ақылды навигация қолданылады. Жақын болашақта мобильді қосымша жасалады. Ол қатысушыларға Тәуелсіздік сарайы ғимаратында ғана емес, Астана қаласында да емін-еркін жүруіне көмектеседі. Форумға қатысушы өз сессияларының кестесін құруға, сессия басталғаны туралы хабар алады. Ақылды навигацияның мұндай элементтерін қатысушылар ғимараттың барлық жерінде қолдана алады.

Әңгімемізді түйіндей келе, форумның негізгі тақырыбы кез­­­дейсоқ таңдалмағанын баса айтқым келеді. Әлем елдері­нің үкіметтері, жетекші экономис­тері мен мамандары инфрақұры­лымның дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Қазақстанда инфра­құры­лымдық жобаларды жүзеге асыруға бірінші кезекте басымдық берілген. Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» атты мемлекеттік бағдар­ламаны дер кезінде күн тәртібіне ұсынып отыр. Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың тіке­лей баста­масымен дәстүрлі түрде дамы­тылып келе жатқан Ас­тана экономикалық форумы – ғаламдық және аймақтық деңгей­дегі экономикалық мәселелерді шешетін тұғырлы жоба.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».