«Ботақаным, қарайсың мөлдіреген көзіңмен,Аққулар сезіміндей махаббатты сезінем.Бір өзіңе бар сырымды айтайын деп келгенде,Қалады тіл байланып ұялғандай өзіңнен...»
Жас әнші Жандос Қаржаубай шырқап жүрген бұл әннің әуені де, сөзі де тыңдарманды елітіп әкетеді. Той-томалақ төңірегіндегі жеңіл әндей көрінгенімен, шығу тарихы салмақты, шынайы махаббаттың құдіретінен туған дүние. Сөзінің де, сазының да авторы – Самар ауданының тумасы Асқар Ысқақ. Кезінде «Мұзтау» тобының құрамында ән шырқап, жұртшылыққа танылған өнерпазбен арқаны кеңге салып, әңгімелескеніміз бар. Көңілді кеште лек-легімен авторлық әндерін орындады. Біз қол соқтық, бәрекелді дестік. Сонда ғой, бүгінде хитке айналған «Ақмаралым» әнінің шығуына үңілгіміз келгені. Асқар Ысқақ та тартынбады, жымиып қойып, тағдырлы тарихтан тарта сөйледі.
«Қызмет бабымен Көкпекті ауданына ауысып, сол жақта концерт бердік. «Мұзтау» тобының дүркіреп тұрған шағы. Ән мен күйге сусаған ел залға лық толды. Жасы бар, қарты бар... Көрермен қол соққан сайын шабыттанамыз. Әндетіп тұрып, бір уақытта залдың ортасындағы сұлуға көзімнің түскені. Мөлдіреген сұлу маған қадала қарап тұрғандай көрінді. Әнімнің сөзін ұмытып қалмасам екен деймін. Концерт тезірек аяқталып, әлгі қызбен танысуға асықтым. Бір жарым сағаттық концертім ғасырға созылғандай, уақыт өтпеді. Ару да көз алдымнан кетпеді. Концерт соңында ел-жұрттың қошеметінен, құшақ-құшақ гүлінен гөрі әлгі қыздың қиыла қарағаны маңызды секілді еді. Көпшіліктің ішінен іздеп жүріп таптым әйтеуір. Қалай батылым жеткені есімде жоқ, таныстым. Сол ауылдағы әпкесінің үйіне келіп жүрген 11-сынып оқушысы еді. Есімі Ақмарал. Әңгімеміз жарасқан соң сезімімді білдірдім. Өзі көрші ауылда тұрады екен. Ол заманда көлік жоқ, көрші ауылдың өзіне жету қиямет-қайым. Әуелде демалыс сайын келіп жүрген, кейін сиретті. Сағына бастадым. Әпкесінің үйі жағына елеңдей жүріп, көмейге әдемі әуен келе бастады. Кейін жүректегі сезім сөз болып төгілді.
«Жоғаласың көп неге,
Келіп кетпей әпкеңе?
Сағынышым, қайдасың,
Қасыма кел, еркеле...» деп әндетіп жүрдім. Сөйтіп жүріп, кәдімгі өлең болып өріліп түсті. Әуен де дайын еді. Шығармашылығымыздың да шарықтап тұрған шағы. Әр шығарған әніміз тыңдарманның құлақ құрышын қандырып жатты. Көп ұзамай жаңа әнім «Ақмаралымды» да сахнаға алып шықтық. Тез тарап кетті. 2000 жылдардың хиті десек те болады. Жылдар өтті. Ақмарал екеуіміз сөз байласып, алып қашатын болып шештім. Себебі, оның әкесі маған қарсы болды. Ашығын айтайын, мен қарапайым отбасыдан шыққан баламын. Иығыма асып жүрген домбырамнан басқа түгім жоқ. Өнерім – өлеңім. Ол болса, бақуатты байдың қызы. Әкесі аудандағы беделді кәсіпкер. Десе де, біздің бір-бірімізге деген сезіміміз бәрінен биік тұр еді. Нағыз махаббат осы шығар деп ойлағам. Солай да. Шын ғашық болмасам, мұндай өлең тумас та еді ғой. Сөйтіп, уәделескеніміздей айлы түні Ақмаралымды алып қаштым. Алып қашқанда да өз ауылыма емес, Қалба жоталарының қайдағы бір қуысындағы Алмас досымның ауылына қарай аттандым. Қуғыншы шықса, адастырып кетсем деген ой ғой. Бағыт Бөке дейтұғын шағын ауыл. Зулағаннан зулап, түн ауа жеттік. Ауыл іші жым-жырт. Кешкі ас-суымызды ішкен соң көңіл де жайланды. Бақыттан басымыз айналып мәзбіз. Іштей болашақтың жоспарын құрып тастадық. Сөйткенше болған жоқ, үйдің артқы жағынан автокөліктің жарығы жарқ етті. Есігі сарт-сұрт жабылды да, баса-көктеп қыздың әкесі кірді. Сұстана қарады бізге. Қызын сүйрей жөнелді. Мен соңдарынан шықтым. Ақмаралды артқы есіктен отырғызып, өзі рульге жайғасқанша, Ақмарал арғы есіктен атып шығып қашқан. Дүние астаң-кестең болды да кетті. Ашулы әке қойсын ба, қызын ақыры алып кетті. Бір сәтке өмір осымен тоқтап қалғандай көрінді. Сондағы таңғалғаным, әке жүректің жұмбақ сезімі. Ешкімнің ойы түгілі түсіне кірмейтін ауылға алып қашқанын қайдан білді деймін де.
Уақыт өтті. Бұл жағдай ұмыт бола бастады. Ақмаралмен жасырын кездестік. Ұрлана барып жүрдім. Махаббатымыз одан сайын өрши түсті. Ақыр аяғы үйлендік, үйлі болдық, ұлды болдық. Құдайға шүкір, ұлым қазір ер жетті...» деп тағдырынан сыр шерте отырып, «Ақмаралым» әнін домбырамен орындап берді Асқар Ысқақ. Ойлап отырсақ, екеуінің ғашықтық оқиғасы кешегі Еңлік пен Кебектің, Қозы менен Баянның махаббатына пара-пар. Қайдан оқығанымды ұмыттым, саған ақын немесе жазушы ғашық болса дейді, өлмейді екенсің. Айтқандай, Асқардың жүрегінде ғана емес, күллі тыңдарманның жүрегінде Ақмарал мәңгі жасайды.