• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 09:00

Қыз мінезді қыс

0 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары елордалықтар қысты ұмытты. Қыстың «қызметін» көктем атқарып жатқандай әсер етеді. Қар еріп, көшелер көлкіп жатыр. Желтоқсанда сел болып, қаңтар мен ақпанда көктем лебі сезілуі қалыпты құбылысқа айналды.

Кезінде Астананың қысы қандай еді? Нағыз «демалысы – үскірік аяз бен қар» болып, әлек салатын. «Мінезі» қаһарлы, боранды, аязды-тұғын. Ал қазіргі қыс – «қыз мінезді». Тым ұяң, тым жұмсақ. Арқаға жарас­пайтын мінез. Әрине, қыстың тоңдырмағаны жақсы-ақ. Бірақ қыстың – көктемге, көктемнің көлкіген суға айналуы аномалиялық құбылыс екені анық.

Бүгінде жаһандық жылыну туралы естімеген адам жоқ шығар? Бұл жер бетіндегі орташа температураның қалыпты деңгейден жоғары көтерілуі деген сөз. Википедиядағы мәліметке сүйенсек, кейінгі жүз жылда жер температурасы шамамен 1ºС-қа артқан. Ғалымдар 1980 жылдардан бастап, ғаламшардағы орташа температура әрбір онжылдықта көтеріліп келе жатқанын байқаған. Мұның басты себебі – адамзаттың іс-әрекеті. Яғни ауаның ластануы, өнеркәсіптер мен өндірістердің көбеюі, экожүйедегі тепе-теңдіктің бұзылуы, жасыл желекті кесу, ормандарды азайту жаһандық жылынудың басты факторына айналды. Экологтер бұл үдерісті адамзатқа төнген қауіп ретінде қарастырады. Өйткені жер беті тағы 2 градусқа жылынатын болса, аптап ыстық болып, өрт үдеп, дүниежүзінде құрғақшылық болады. Жерге отырғызылған өнімдер шықпай, егістік қурап, әлемде азық-түлік тапшылығы пайда болуы мүмкін.

Зерттеушілердің пайымынша, климаттың өзгеруі – алдымызда тұрған ең қауіпті сын-қатерлердің бірі. Егер оның алдын алмаса, келешекте жер температурасы бұдан да көтеріліп, 3–4 градусқа жетуі ықтимал. Онда алып мұздықтар еріп, теңіз деңгейі көтеріліп, көптеген елді мекенді су басу қаупі туындайды. Қазірдің өзінде Арктика мұзы 40%-ға азайған. Гренландия мен Антарктида мұз қабаттары жыл сайын миллиардтаған тонна мұз жоғалтады. Ал теңіз деңгейі өткен ғасырда 15 см көтерілсе, қазір жылына шамамен 3–4 мм өсіп отыр. Сондықтан дүниежүзінің эколог-ғалымдары 1988 жылы БҰҰ деңгейінде климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобын құрды. Ал 2015 жылы халықаралық Париж келісімін қабылдады. Бұл құжаттардың мақсаты – жаһандық жылынуды мүмкіндігінше 1,5°C деңгейінде ұстап тұру. Алайда көптеген мемлекет әлі күнге бұл мәселеге жете мән бермей келеді. Оның түбі алапат апаттарға, адамзаттың тіршілігіне қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін, дейді эколог-мамандар.

Бүкіләлемдік климат өзгерісі елімізге де әсер еткен. Мамандардың пікірінше, елдегі орташа температура кейінгі он жылда айтарлықтай өсіп, жаһандық орташа көрсеткіштен сәл жоғарылаған. Әсіресе халық көп шоғырланған, тынысы мен тіршілігі қайнап жататын қалаларда жылыну үдерісі анық байқалады.

Мұндай табиғат құбылыстарынан елорда да сырт қалған жоқ. «Астана бұрын ашық алаңқайы көп кең жазық қала болды. Есілдің оң жағалауында болмаса, сол жағалауында ел қонбаған ен дала еді. Бас шаһар болғалы аз уақыт ішінде қарқынды дамыды. Құрылыс, өндіріс ошақтары, көліктің көптігі, урбанизация – Астананың қысын жұмсартып, жазын ыстық етті. Әрі қаланың айналасына отырғызылған орман алқабы да ауа райын өзгертті», дейді «Қазгидромет» мамандары.

Зерттеушілердің пікірінше, бас қаладағы климаттың жұмсаруына негізінен екі фактор әсер еткен. Оның біріншісі табиғи өзгерістер болса, екіншісі – антропогенді құбылыстардың ықпалы.

Елорданың климаты қазір антропогендік жағдайларға көбірек жұтылып жатыр. Көлік пен көмірдің көк түтіні, электр мен жылу энергиясын өндіруден шығатын зиянды шығарындылар ауаны ластап, аномалияның туындауына әкелген. Климатологтер келешекте елорданың қысы тіптен жылып, аязды күндер азая беретінін болжап отыр. Ауа температурасы орташа есеппен 6,8°С –15°C-қа көтеріліп, ылғалдық 2,3%-ға төмендейді. Қыста ауа температурасы 7,5°С болса, ылғал 28,1%-ға артады. Көктемде қар тез ериді. Бұл елді мекендерді су басу қаупін туындатады. Ал жаздағы аптап ыстық құрғақшылыққа әкеледі. Нөсер жаңбыр көп болып, желдің екпіні күшейеді. Мұндай аномалиялық құбылыстар қала тіршілігіне де, тұрғындардың денсаулығына да кері әсер етері анық.

Ал мамандар қаланы климаттың өзгеруіне бейімдеу үшін өндіріс салаларына энергияны үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу керектігін алға тартады. Әрі парниктік газ шығарындыларын азайту үшін экологиялық шешімдерге көбірек көңіл аударған жөн.

Соңғы жаңалықтар