Қарағанды қалалық кәсіпкерлікті қолдау және үдемелі индустриялық-инновациялық дамуды қолдау жөніндегі үйлестіру кеңесінде бизнес өкілдерінің бірнеше жобасы талқыға түсті. Мысалы, «Сарыарқа Нан Қарағанды» ЖШС-нің бас директоры Данияр Манамбаев кәсіпорынның ғимараттан таршылық көріп отырғанын айтты. Яғни, Қарағандыға жаңа нан зауытын салу керек.
Қарағанды нан зауытының жұмыс істеп тұрғанына 30 жылдың мұғдары болыпты. Осы уақыт аралығында ол Қарағанды облысындағы алдыңғы қатарлы кәсіпорынның біріне айналған. Зауыт қабырғасынан тәулігіне 50 мың тоннаға дейін өнім – кәдімгі бидай нанынан бастап, майқоспа тоқаштың 12 түрі шығады. Ал енді жаңа зауыт салынар болса, тұтынушылардың күннен-күнге өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыру өз алдына, жаңа жұмыс орындарын ашып, 230 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады екен. Бүгінгі күнге дейін облыс орталығын нанмен қамтамасыз етіп келген кәсіпкер енді жақын маңдағы қалалар мен аудандарға да өз өнімін шығармақшы. Кәсіпкер Данияр Манамбаевтың айтуынша, бұл жобаның құны 1 млрд. 499 млн. теңгені құрайды екен. Оның 20 пайызын өз қалтасынан салса, қалған 80% қаржыны несиеге алуға дайын. Кәсіпкер мемлекеттен «Грин технолоджи» жылыжай ауданынан жер телімі мен «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша инфрақұрылым тартып беруді сұрап отыр. Сонымен қатар, кәсіпорын басшысы «Даму-Өндіріс» бағдарламасы аясында 10 жылға 6 пайыз жылдық үстемемен несие алудан да үмітті екенін жеткізді. Данияр Манамбаев жаңа нан зауытының Италия, Франция, Швеция және Даниядан әкелінетін энергияүнемдегіш құрал-жабдықтармен жарақтандырылатынын айтты. Сәтін салса, жаңа зауыт құрылысын келесі жылы аяқтамақ. Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров бастаған үйлестіру кеңесінің мүшелері жобаның маңыздылығын атап өтіп, оны Индустрияландыру картасына енгізуді жөн деп тапты. Өз жобасын таныстырған келесі кәсіпкер Рафаэль Алеев болды. Ол қаладағы «Таир» деп аталатын ірі сауда үйінің иесі. Кәсіпкер төменгі пайыздық үстемемен несие алып, «Таир-5» деп аталатын сауда-ойын-сауық орталығының құрылысын бастамақшы екен. Оның айтуынша, бұл жерде заманауи кинотеатр орналасады. Сондай-ақ, кәсіпкер кеңесте қарызды қайта қаржыландыру мәселесіне қатысты сұрақты да көтерді. Үйлестіру кеңесінің мүшесі Саран Сыздықова «Таир» сауда үйіндегі дүңгіршектердің арендалық бағасының жылдан-жылға көтеріліп келе жатқанын тілге тиек етті. Осының салдарынан ұзақ жылдар сауда жасап келе жатқан ұсақ кәсіпкерлер жалға алу ақысының қымбаттығына шыдай алмай, орындарын тастап кетіп жатыр екен. Алайда, кәсіпкер Рафаэль Алеев мұндай фактілерді мойын- дамай, керісінше, сауда үйінің аренда құнына үнемі жеңілдіктер жасап, ұзақ уақыттан бері жалға берудің бағасын көтермей келе жатқанын алға тартты. Қала әкімі Нұрлан Әубәкіров жобаның дамуына өз ұсынысын енгізді. Ол «Таир» сауда үйі мен жолдың екінші қабағында орналасқан «Алтын Арба» базарының арасын жерасты жолымен жалғаудың маңыздылығына тоқтады. Солай болған жағдайда қаладағы орталық көше Бұқар жырау даңғылы бойындағы көлік кептелісі жойылып, жол-көлік қозғалысы тәртібін бұзу оқиғаларының азаятынын атап өтті. Кеңесте талқыланған үшінші жоба қауіпті жүктерді тасымалдауға арналған еді. «Еуротехногаз» ЖШС директоры Елена Павлова мемлекеттен өзінің компаниясына екі жүк көлігін сатып алуына көмектесуін сұрады. Есесіне кәсіпкер ханым жаңа жұмыс орындарын ашуға уәде берді. Үйлестіру кеңесінде қаралған үш жоба да мақұлданып, үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесіне жіберілді.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.