Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ТМД Байқаушылар миссиясы штабының басшысы Евгений Козякпен кездесті. Жүздесуде алдағы референдумға дайындық барысы, ұйымдастырудағы құқықтық мәселелер, халықаралық байқаушылардың қызметін қамтамасыз ету тетіктері талқыланды.
Кездесуге ОРК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман, ОРК мүшесі Михаил Бортник, ТМД Атқару комитетінің кеңесшісі Олег Кулеба да қатысты. Жиында Нұрлан Әбдіров миссия басшылығын 15 наурызға тағайындалған референдум учаскелерінің инфрақұрылымын өзектендіру жұмыстары аяқталғанын атап өтті.
– Қазір барлық коммуникация арналарын пайдалана отырып, кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, референдум туралы толық ақпаратты қамтитын QR-коды бар атаулы шақыру билеттері таратылады. Орталық референдум комиссиясы азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын толыққанды жүзеге асыруға баса назар аударады. Сонымен қатар референдум учаскелерінде аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызметін жүзеге асыруы үшін заңнамада көзделген жағдайлар жасалуда, – дей келе ОРК төрағасы ТМД Байқаушылар миссиясының штабына елдегі электоралдық науқандарды байқауға тұрақты түрде қатысып жүргендігі үшін алғыс білдірді.
Өз кезегінде, ТМД байқаушылар миссиясы штабының басшысы миссияның қызметі туралы айтып, Қазақстанда оның тиімді жұмыс істеуі үшін жасалған жағдай үшін ризашылығын жеткізді. Ол миссия референдумның өтуін жалпыға танылған демократиялық қағидаттар мен ұлттық заңнамаға сәйкестігі тұрғысынан бағалайтынын мәлімдеді. Оған қоса дауыс беру өткеннен кейінгі келесі күні ТМД елдерінен келген барлық үйлестірушімен келісілген мәлімдемеде өз бағасын жариялайтынын еске салды.
Жиыннан кейін ТМД Байқаушылар миссиясының штабы (құрамында 7 байқаушы бар) бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингте өз жұмысына кіріскендігін хабарлады.
– Халықаралық байқаушылар ретінде аккредитациямызды алдық. Енді Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы бойынша республикалық референдумның өтуін мониторингілеуге ресми түрде кіріскенін мәлімдеймін. Біз мұнда бірінші рет келіп отырған жоқпыз, бұл – 19-сапарымыз. Ал жалпы 2001 жылдан бері қарай Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшылары кеңесінің шешімімен ТМД кеңістігінде сайлау науқандарын мониторингілеуді алғаш бастаған сәттен есептесек, 133-миссиямыз. Миссия құрамына шамамен 100-ге жуық халықаралық байқаушы аккредитациядан өтеді деп болжап отырмыз. Құрамды жасақтау жұмысы басталды. Ұзақмерзімді байқаушы ретінде елде боламыз. Штаб-пәтер Астанада орналасады. Жалпыхалықтық науқанға таман қысқамерзімді байқаушылар да келеді, – деді Е.Козяк.
Спикердің айтуынша, миссияны ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенко басқаратын болды. Ол референдум күніне жақын уақытта келмекші. Оның кандидатурасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Жарғылық және басқа да органдары жанындағы тұрақты өкілетті өкілдер кеңесінде келісілген.
Айта кетейік, бүгінде еліміздегі 12 416 759 азамат жалпыхалықтық науқанда дауыс беру құқығына ие. Референдумға қатысу үшін отандастарымыз өздерінің тіркелген мекенжайы бойынша белгілі бір учаскеге бекітіледі және арнайы тізімге енгізіледі. Дауыс беру күніне дейін әр азамат өз деректерінің тізімде бар-жоғын ақпараттық сервистер арқылы тексере алады. Егер қате немесе сәйкессіздік анықталса, учаскелік комиссияға өтініш беріп, түзету енгізуге болады. Дауыс беру күні уақытша тіркелу мүмкіндігі де қарастырылады.