• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Ақпан, 2026

Адал адам - әділетті мемлекет

30 рет
көрсетілді

Көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін Алғыс айту күні кейінгі жылдары мерекелік күнтізбеде өз орнын тапқаны белгілі. Бұл мереке ХХ ғасырдағы күрделі кезеңде қазақ халқының түрлі этностарға танытқан жанашыр­лығы мен қамқорлығына, кеңпейілдігіне ризашылық рәмізі іспеттес. Уақыт өте келе оның мазмұны кеңейіп, тарихи мәнге ие халықтық мереке ретінде ғана емес, қоғамдағы өзара сыйластық пен сенім мәдениетін нығайтатын құндылық ретінде орнығып келеді.

Адал адам тақырыбына қалам тартып жүргендер баршылық. Шынтуайтқа келгенде адам-қоғам мәселесі терең философия оған атүсті қарауға болмайтын, қалай болса солай қалам тартуды көтермейтін тақырып. Күн тәртібінде Жаңа Конституцияға енетін өзгерістер. Жаңа жобаның 1-ші бабында Мемлекеттің ең жоғары құндылығы - адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары десе, 3-ші бапта Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды,инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды деп айқындалған. Демек, бәрі Адам үшін, Конституцияның өзі адам мен мемлекет арасындағы құқықтық мәмле, адамдардың қоғамдағы іс-әрекетіне берілген құқықтық заңнамалық кепілдік. Конституцияның басты маңыздылығы да адамның мүддесі үшін құқықтық қызмет етуінде жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Адал адам туралы тек Атырауда ғана айтқан жоқ Атырауда Адал адам болуға жетелейтін адал еңбек пен адал табыс табу арқылы Әділетті Қазақстан құру көзқарасын нақтылаған болса, ал қоғамдық сананы өзгерту жөніндегі бастаманы Түркістандағы Құрылтайда көтерген болатын. Ата-бабамыз ниет түзулігі жөнінде бұрыннан айтып келеді. Сол сияқты қазіргі уақытта Әділетті Қазақстанды құру тек саяси-экономикалық реформалармен шектелмейді. Мемлекет басшысы айтқандай Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Ең бірінші сананы сілкілеу барымызды нарымызды електен өткізіп қажетін қалдыру. Дәл осы жаңа Конституция преамбуласында Әділетті Қазақстан идеясын, Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатындығы көрініс табуы азаматтарға да үлкен жауапкершілік жүктейді. Жаңа жобаның 12-ші бабы мен 41-ші баптары аралығындағы заң нормалары негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер деп жіктелген.Бұрынғы Конституцияларда мемлекет мүддесіне ден қойылған болса, жаңа жобада бәрі адам мүддесі үшін деп табан тіреледі.

Осы уақытқа дейін Ұлттық Құрылтайдың қай жиынында болмасын басты тақырыпта  адам-қоғам оны заманға сай қалай дамыту, рухани өсу жолдары  қозғалып келгені бекер болмағаны түсінікті болды. Енді міне Жаңа Конституцияда адам мүддесі биік қойылуда, ал адамдардан тек жауап ретінде заңның үстемдігін мойындап, Отанға, Жер-Анаға бүкіл қоғамға, қоршаған ортаға адалдық таныту, жанашырлықпен- табиғатты аялау, түптеп келгенде әділ көзқарасқа  бетбұрыс керек.

Әйгілі ғұлама Әл-Фарабидің еңбектерінен артық Адам туралы еңбекті, дана сөздерді кездестірмеппін. Абайдың «Толық адамы» да Әл-Фараби еңбектерінен кейін дүниеге келген. Алайда, бұл танымда Абайдың антика дәуірінің мықты философтары Сократтың, Платонның, Аристотельдің де еңбектеріне ден қойғаны байқалады. Әсіресе, Аристотельдің «Этика» ілімінен осы Абайдың «Толық адам» ілімі бастау алып адамгершіліктің құндылығы қайырымдылықта деген түсінікті толықтырып жалғастыра түскен. Гректің ойшылдары мен Әл Фараби еңбектері сабақтастас, ой түйісуі бірдей. Қандай адам болу адамның өзіне байланысты, адам өз өмірінің қожасы деген тұжырымға алып келеді. Отырарлық ғұлама болмысты зерттей отырып, бақытқа барар кілтті іздейді. Аристотель мен Платонды философияны жасаушы деп ұқсақ, Әл-Фараби осы екеуінің еңбектерін зерделеген, жалғастырушы деп айтсақ қате емес деп ойлаймын. Әл Фараби болмысты зерттеу арқылы адам бойындағы қабілетті өле-өлгенше болмысты тануға жұмсауға меже тұтты, ізгілікке жетуді мақсат етті, ізгілікке жеткенді адами даналық деп түсіндірді.

Әл-Фараби адам мен қоғамды бөліп жармайды, қайта адам бақытқа жету үшін өзара бір-бірімен бірігуге мұқтаж дей келе «бақыт дегеніміз ізгілік» дегенге саяды. Ғұламаның дәл осы ойлары қай фармацияда болмасын өміршеңдігін жоғалтпады. Біреулер бақытты мал-мүліктен, байлықтан, кейбірі биліктен іздесе ғұлама бақытты ғылымнан тапқан. Негізінде бақытқа жетуді ғұлама қайрымдылықпен  үнемі байланыстырып отырады. Ғұлама қоғамның түрін ұлы, орташа, шағын деп үшке бөледі. Ұлы қоғамға жататын бір идея төңірегіне біріккен, бір-біріне қол ұшын беретін көпшілік. Дәл осы қоғам Мемлекет басшысы күн тәртібіне мақсат етіп қойған баршаға үндеген ұлт сапасы мықты қоғам.  Мемлекет басшысы ұлт сапасын жақсарта отырып қана Әділетті Қазақстанға қол жеткізуге болатынын елге жеткізуде. Әл-Фараби еңбегіндегі орташа қоғам бір халықты ғана құраса, шағын қоғам белгілі бір жерде мысалы бір қалада топтасқан қоғам. Ғұламаның Қайырымды қала еңбегінен қала адамдарының ізгілік мейірімінен адалдықты тануға болады. Ғұламаның ойшылдығына таң қалатын бір нәрсе бақыт жөнінде пікірді адамдардың өзіне қалдырады, демек ой еркіндігін мойындайды, қайта адамдардың бәрі бақытты терең ұғынуы үшін ұстаздың, тәлімгердің қажеттігін айтады. Халық айтты деп күнара айтатын «Адамға ең бірінші білім емес тәрбие керек.Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген дана сөздер Әбу Насыр Әл Фарабидің түйінді ойлары екенін жұрттың бәрі біле бермейді. Ғұлама бақытқа жетудегі ең қажеті қайырымдылық, ал кедергісі зұлымдық дейді. Бұны да уақыт дәлелдеп отыр.Ғұлама қоғамды бақытты ету үшін ел басқарушысына қажет он екі қасиетті атайды Қазіргі таңда ол қасиеттердің көбісін  әдеп кодексінде пайдаланып жүрміз.

. Әл Фараби ғылымды екіге бөлінетінін, біріншісі ізгілікке жету, екіншісі пайдаға ие болу десе, қазіргі қоғамда елімізде ізгілік жасай отырып жаңалық ашып елге пайдасы тисе, оны ел болып,жұрт болып қолданса, ғалымның еңбегі бағаланып пайда тапса оның еш айыбы жоқ. Мемлекет басшысы ел экономикасын көтеру үшін креативті ойлаушы азаматтарды қолдап отыр. Бұл ғұлама ойларының ғасырлар асып жүзеге аса бастауының көрінісі.Мықты ұстаз болу адалдықтың нышаны.

Ұстаз жөніндегі ойлары да тебірендірмей қоймайды,Әсіресе, «Ұстаздық мінез-құлық нормасы» жөніндегі ойлары өмірдің өзінен алынған. Педагог мәртебесі туралы заңның қабылдануы ұстазға деген құрмет баға, бұл дегеніміз адал еңбекті мойындау,ұстазға деген әділ көзқарас арқылы берілген баға, Әл Фараби ізімен адаспай жүрудің нақты көрінісі.

 Менің пікірімше Адал адам ұғымын ғылыми тұрғыдан қарап, шынайы өмірмен салыстырмалы түрде талдау керек. Әл Фарабиден кейін менің түсінігімше адам философиясына терең үңілген қарасөздің қайталанбас шебері қазақтың ұлы Абайы. Абайдың барлық қара сөздері адамгершілікті ұстын тұтқан, барлық жақсы әрекетті адамнан, адамның өн бойындағы құндылықтардан тапқан.

Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деуі  көп нәрсені аңғартады. Абай отыз сегізінші қара сөзінде адамға кері әсер ететін надандық, еріншектік,залымдық дей келіп, оған ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек қасиеттерді қарсы қойып Толық адам келбетін іздейді оны осылайша бейнелейді.

Мемлекет басшысы жалпыұлттық құндылықтар жүйесіне ұдайы тоқталады. Оны саралап жіліктеді де.

«Тәуелсіздік,отаншылдық,бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік,заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік,жасампаздық пен жаңашылдық ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың негізгі бағыт-бағдары бола алады» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Атыраудағы Құрылтайда айтылған «Адал-адам, Адал-еңбек, Адал-табыс» ұғымдары Адал адам келбетін толық қамтиды. Адал адамсыз Әділетті қоғамды құру мүмкін еместігін ғұламаларымыз дәлелдеп кеткен, қарапайым халық та бұны жақсы түсінеді. «Адам өз өмірінің қожасы» деп Әл Фараби жазып кеткендей Ұлы қоғамды жасайтын да адамдар, әрине ол тек адал адамдар. Бүгінгі Әділетті Қазақстанның құрылысшылары адамдар біз өзіміз, сырттан келіп бізге Әділетті Қазақстанды ешкім жасап бермейді. Адалдық та, адамгершілік те, ізгілік те өз бойымыздан табылуы тиіс, ұлттық бірегейлігіміз сонда ғана нығайады. Мемлекет басшысы адал азамат болуға ұмтылыс қажеттігін жұртшылыққа жеткізіп отыр, қолдайық, осы идея төңірегіне топтасайық. Несі қиын, әрқайсымыз өз саламызда адал еңбек етсек табысымыз да адал, айналамызға бауырмалдылық,қайырымдылық танытсақ, заңның үстемдігін мойындасақ  Әділетті Қазақстанды құрудағы қосқан үлесіміз сол болады.

Қайырымдылық демекші Қазақстанның көптеген өңірлерін су тасқыны алып, елді әбігерге түсірді. Көмек қолын созған азаматтар қаншама, онымен мәселе түгелімен шешіліп кете қоймас, дегенмен  ниет түзулігін айтсайшы. Қанда бар қайырымдылық, жүректегі мейірім жылт етіп қиналғанда көрініс берді. 

 Адал адам болу үшін маңдайыңнан тер төгіп,адал еңбек етсең ғана адал табысқа жетесің. Қоғамдағы келеңсіз кейбір жағдайларға көзді жұмып қарауға болмайды,әр саналы азамат Ұлы қоғам болу үшін ұлт тәрбиесіне үлес қосуымыз керек.

Тағы бір айта кететін дүние ұлттың болашағы үшін нағыз адалдықты қажет мәселенің жаңа Конституцияның 30-шы бабындағы жағымды өзгеріс неке және отбасы,ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болуы. Некенің тек ер мен әйелдің мемлекет тіркеген тең және ерікті одағының Конституцияда айқындалуы.

Шынына келсек, бір жыныстылық біздің тарихымызда болмаған,дінімізге, дәстүрімізге жат, оның үстіне бір жынысты одақтан бала дүниеге келмейді, демографиялық өсімге де қауіп.

30 баптың 3 тармағында балаға қамқорлық жасау ата-ананың етене құқығы әрі міндеті десе, 4-ші тармағында кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті деп айқындалуы, бұл өзгерістің Ата заңға енуі қоғамда ішінара кездесетін баланы тастап кету, қарттарды Қарттар үйіне өткізу сияқты сорақылықтарға тыйым салу.

Конституцияның жаңа жобасындағы осындай өзгерістер Адамдардың адал ата-ана, адал бала-адал ұрпақ болып қалыптасуына, заңның үстемдігін мойындау арқылы ықпал етеді. Қоғамдағы бар адам біткен адал ойлап, адал әрекет етсе, жалпыға бірдей ортақ адалдық принциптері күнделікті нормаға әдетке айналады.

Адал адамдар құраған мемлекетте әділ шешімдер дүниеге келеді. Конституцияның преамбуласындағы тайға таңба басқандай «Әділетті Қазақстан» идеясы адамдардың ой тазалығы мен адал еңбек, адал табыс тапқан нағыз Адал азамат-Адал адам арқасында ғана жүзеге асады.Қалай десек те Адал азамат идеясы бізді Әл Фараби мұраларына үңілуге алып келді.

Отырарлық ойшылдың өсиет сөздері ғылыми ғана емес, адами даналық. Адал адам Адал азамат болып адал еңбек ету, адал табыс табу тек өзіміздің ерік-жігерімізге, отаншылдығымызға, таза, кіршіксіз пейілімізге байланысты.

Адал азамат болуға Жаңа Ата заңымыздың өзі құқықтық мүмкіндік беруде. Заңның үстемдігін мойындау, ар-ұжданды бойтұмар етіп тағып, Әділетті Қазақстанның кірпішін түзу қалау әр азаматтың міндеті.

Отан алдындағы азаматтық парыз бен адами жауапкершілік деген міне осы.

Қалыйма Жантөреева, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар