Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуымыз біздің ұжымды да үлкен қуанышқа бөледі. Шындығын айтқанда, көптен бергі тілеуіміз де осы еді. Өйткені, әлемнің бірнеше елінде патенттелген, соның ішінде зор сұранысқа ие «Арглабин» дәрісінің кең ауқымда танылуында кедергілер кездеспей қалмай жүретін. Нарықтық бәсекеде танымал шетелдік фитопрепараттардың біразынан шипалық қасиеті жағынан кем соқпайтын дәрі-дәрмектерімізді талғампаз тұтынушылардың таңдап ала алуына жол ашылуы отандық фармацевтика өндірісін жаңа көкжиектерге бастайтындығымен көңіл өсіреді. Осынау ұйым беретін артықшылықтарды пайдалана білуге құштар едік, енді сәті түсіп отыруы іс-ізденістерді одан сайын еселеуге ұмтылдырады.
Қазір бізде жаһандық нарық талаптарына сай болуға толық жағдай бар деуге болады. Аурулардың бірнеше түрлерін емдеуге қолданылатын дәрілерді кең көлемде жасайтын өндірістік буын қалыптасты. Жұмысымызды жақсы білетін Елбасының тікелей қамқорлығы арқасында үш ірі цех іске қосылды. Заманауи медициналық құрал-жабдықтар өнімдердің сапалы әрі көзге түсімді өндірілуіне мүмкіндік беріп отыр. Іріктеліп алынған мамандардың кәсіби шеберлігі жоғары деңгейде. Жергілікті табиғи өсімдіктерден дайындалатын дәрілік заттарға шикізат жеткілікті. Олар да өзімізде жасалады. Яғни, нағыз фармацевтикалық бірегей орталық ретінде алысқа таныла аламыз. Мақсатымыз да осы. Өнімдері өтімді озық кәсіпорындардың қатарынан лайықты орын алатынымызға сенеміз.
Қазақстанымыздың ортақ жетістігіне тілеулес болғандықтан басқа салалардың да бәсекеге дайын болуын ойлаймыз. Алайда, оған бәрі бірдей сақадай-сай еместігі өкінтеді. Қиындықтарға тап болушылар аз болмайтын тәрізді. Өмір көндірмейтін, үйретпейтін жағдай жоқ десек, бұл сынақтан да өте білуіміз керек. Еліміздің өсіп-өркендеуіне жол ашар жаңа қадамға үлес қосуға қажымас ұмтылыс қажет.
Бораш Тілеуов,
Қарағанды қаласындағы халықаралық ғылыми-өндірістік «Фитохимия» холдингінің зертхана меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы.
ҚАРАҒАНДЫ.