• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 08:40

Іскер болмай, ілгерілеу жоқ

0 рет
көрсетілді

Дотацияда отырған Жамбыл өңірінің арқа сүйері – ауыл шаруашылығы саласы. Жалпы алғанда өңірде асыраушы салада жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанына қарамастан, нәтижесі көңіл көншітпейтін әкімдер де баршылық. Бір-бір ауданды тізгіндеген басшылардың кейбір уәжі сыныққа – сылтаудай көрінетіні бар. Бұдан өзге салаларда да қайсыбір аудан әкімдері жұмысты әлі де ширатқаны жөн секілді. Нақтырақ айтсақ, Президент айрықша ден қойған инвестиция тарту, құрылыс саласында да олқылықтар байқалады.

Облыс әкімдігі эконо­мика және бюд­жет­тік жоспарлау басқарма­сы­ның басшысы Сандуғаш Абдралиева келтірген дерекке жү­гін­сек, былтыр өңір экономикасы біршама өскеніне қарамастан, ауыл шаруашылығы мен сауда салаларында жүктелген міндетке қол жеткізу мұңға айналған. Анығырақ айтсақ, Тұрар Рысқұлов ауданында асыраушы сала бойынша нәтиже – 35,9%, шалғайдағы Мойынқұм ауда­нында – 7,5%, Қордайда – 3,5%, Таласта 0,7% орындалмапты.

Жалпы алғанда ауыл шаруашы­лы­ғы саласында 514,8 млрд тең­ге­нің өнімі өндіріліп, өнімділік 2024 жылмен салыстырғанда 2,1%-ға артқанына қарамастан, Жамбыл облысы республикалық көрсеткіште оныншы орынға жайғасқаны жанымызға батады. Өйткені өңір басшысы саладағы жұмысты ширату бойынша барынша жұмыс атқарып жатса да, кейбір әріптестері соған сай нәтиже көрсете алмай отыр.

Бірнеше аудан басшылары бар мәселені ауа райының қолай­сыз­дығына жауып отыр. Ернар Есіркепов басқаратын Тұрар Рысқұлов ауданы ауыл шаруа­шы­лы­­ғынан бөлек, инвести­ция тартуда да олқылыққа жол беріпті. Одан өзге де бірнеше әкім­нің кейбір саладағы жұмысы көңіл көншітпейді. Өйткені межелі көрсеткішке қол жеткізе алмаған. Жалпы, кей әкімнің маңызды салалар бойынша төмен нәтиже көрсетуі дәстүрге айналып бара жат­қандай көрінеді... Ал Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі нәти­женің нәтижеге қол жеткізу үшін әлі де тынымсыз тер төгетінін алға тартып отыр.

«Бұл тұрғыдан алғанда бір­шама объективті себеп бар екенін айта кеткен жөн. Біз қазір жалпы сомасы 42 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобамен жұмыс істеп жатырмыз. Оның бір бөлігі өткен жылы есепке кірмей қалған болатын. Инвест жобалардың бір­қатарында ішкі қаржылық мәселе­лерге байланысты құрылыс жұ­мысы аяқталмай қалғанын айта кеткен жөн. Бұл жобалар биылғы жылдың статистикасында есепке алынатын болады.

Ауыл шаруашылығы саласын­да­ғы көрсеткіштің төменділігі қуаңшылық әсерінен қалыптасып отырғаны белгілі. Былтыр 110 мың гектарға арпа-бидай егілді. Оның 20 мың гектары қуаңшылық есебінен орындалмады. Осыған орай биыл күн райына тәуілділіктен құтылу мақсатында бірқатар нақты жұ­мыс­ты қолға алуды жоспарлап отыр­мыз», дейді Е.Есіркепов.

Жоғарыда айтқанымыздай, хал­қы тығыз орналасқан Қордай ауданында да көрсеткіш жоспар­да­ғыдан төмен орындалған екен. Жергілікті атқарушы билік өкіл­дері нәтиженің көңіл көншіт­пей­тінін тағы да ауа райымен сабақтастырып отыр. Сондай-ақ аудан бойынша өңдеу өнеркә­сібі саласындағы нәтиже де ойда­ғы­дай емес. Инвестиция тарту мәселе­сін­де де олқылық байқалған.

«Өңдеу өнеркәсібі бойынша 2025 жылдың қорытындысында «Korcem» ЖШС 1 млн тонна өнім өндірген. Алайда кәсіпкерлік бас­қар­масының сұранысы негізінде 400 мың тонна ғана өткеріліп, 600 мың тонна қабылданбай қалды.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша межелі көрсеткішке қуаңшылық салдарынан қол жеткізе алмадық. 2024 жылы арпа-бидайды гектарына 17-18 центнерден алсақ, өткен жылы 11–12 центнер шамасында қалыптасты. Ал суармалы егістік жердегі жүгеріні 2024 жылы 77 центнерден алынған болса, су тапшылығына байланысты өткен жылы 63 центнерден алдық», дейді Қордай ауданы әкімі­нің орынбасары Жұлдызбек Бақаев.

Өңірдің құрылыс саласында 392,8 млрд теңгенің жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде, өсім 14,4 пайызды құраған. Алайда шалғайдағы Мойынқұм ауданында көрсеткіш белгілі себептермен 51,6 пайызға төмендеген көрінеді. Өңірдегі көрсеткіш біршама өскеніне қарамастан, облыс респуб­лика бойынша 13-орынға тұрақтап отыр.

Жалпы алғанда өңірде ауқым­ды жұмыстар атқарылып жатқаны баршаға мәлім. Нақтырақ айтсақ, жыл қорытындысы бойынша өңірдің экономикалық өсімі 8,9 пайызды құрап отыр. Облыс өңдеу өнеркәсібі саласында 834,6 млрд теңгенің өнімін өндіріп, рес­публика бойынша үздік бес­тік­тің қатарынан көрінген. Ал өнер­кәсіп саласында 1,3 трлн тең­генің өнімі өндірілгенін айта кеткен жөн. Соның арқасында облыс республикалық көрсеткіште төртінші орынға тұрақтап отыр. Айта берсек, өзге де бірқатар салаларда ауыз толтырып айтуға тұрарлық нәтижелер баршылық. Алайда кейбір аудан әкімдерінің жұмысты ойдағыдай жүргізбеуі, межелі жоспарда орындай алмауы салдарынан республикалық рейтингте көрсеткіш төмендеген салалар да жоқ емес.

Аудан әкімдерінің дені мем­лекеттік саяси қызметке күні бү­гін тағайындалған жоқ. 3–4 жыл бедерінде жұмыс істеп келе жат­қан шенеуніктер жаңбырлатып суару, тамшылатып суару технологиясын пайдаланатын шаруа қожалықтардың санын және жалпы алқаптың гектарын ұлғайт­қан­да, көрсеткіш басқаша болар ма еді. Кім білсін... Жаңа тех­но­­логияны қолдану тақырыбы өңірде бірнеше жылдан бері күн тәр­­тібінен түспей келе жатқаны бәрімізге мәлім.

 «Бар мәселені тек ауа райымен байланыстырып қол қусырып отырудың реті жоқ. Сондықтан шаруалармен бірлесіп, егістікке су жеткізу, егіс көлемін оңтайландыру бойынша тиісті деңгейде түсіндіру жұмысын жүргізу қажет. Су үнемдеу технологиясын енгізу бағытындағы жұмысты жеделдету керек. Қойылған міндеттерді орындау қолдарыңыздан келмей ме, орынды босатыңыздар», деген Ербол Қарашөкеевтің сөзінен әріптестерінің жұмысына деген көңіл толмаушылық анық бай­қалады.

Қалай десек те, сан саладағы жұмысты өркендетуге мемлекет тарапынан барлық жағдай қарас­ты­рылғаны анық. Әсіресе инвес­тиция тарту, ауыл шаруашы­лы­ғын дамыту мәселесі Мемлекет бас­шы­сы­ның назарынан тыс қалған емес.

Нәтижелі жұмыстың едәуір бөлігі ауыл-аймақтарда атқары­ла­тыны да мәлім. Сондық­тан аудан әкімдерінің ширақ қимылдағаны жөн. Осы жылы сан сылтау аудан әкімдерін жауапкершіліктен құт­қармайтын секілді. Оны Ербол Қарашөкеевтің «Осы жылы бел­гі­ленген жоспарлы көрсет­кіштер толық орындалуы керек. Сон­дық­тан жұмысты ширатып, нақты нәтиже көрсетуді талап етемін» деген сөзінен де аңғаруға болады.

Осы қыста ылғал молынан түсті. Оны диқандардың сөзінен де бай­қап жүрміз. Соған қарағанда ризық та мол болатын секілді. Алай­да аудан басшылары инвестиция тарту, құрылыс саласындағы жұмысты жүйелеу сынды өзге де салалардағы олқылықтарды түзей ала ма? Кім білсін...

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар