Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров инспекциялық сапармен Алматы қаласы және Алматы облысына барды. Кездесулер барысында өңірдің жалпыұлттық науқанға дайындығы, олардың материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі бағаланды.
Жұмыс сапарына ОРК хатшысы Шавхат Өтемісов, ОРК мүшесі Әсел Жанәбілова мен комиссия аппаратының жауапты қызметкерлері де қатысты. Сапар барысында олар Алматы қаласындағы №254, 378, ал Қонаев қаласындағы № 946, 947, 949 референдум учаскесінің жағдайымен танысты.
Бүгінде науқанға қатысуға құқығы бар азаматтар Алматы қаласында 1 311 842 болса, Алматы облысында – 1 029 611. Олар үшін дауыс беру пункттерінде ақпараттық стендтерде референдум комиссияларының құрамы, жоғары тұрған комиссиялардың, сот, прокуратура және құқық қорғау органдарының орналасқан орны мен телефондары, сондай-ақ бюллетень үлгісі, жаңа Конституция жобасының мәтіні мен ғимаратта дауыс берудің тәртібі туралы қамтылған.
Учаскелерде қолжетімді және инклюзивті орта жасауға ерекше көңіл бөлінген. Мүгедектігі бар адамдар үшін дауыс беруге арналған бюллетеньдерге Брайль қарпі бар трафареттер, арба пайдаланатын азаматтар үшін бейімделген құпия дауыс беру кабиналары, арнайы жабдықталған бұрыш (компьютер, үлкейткіш әйнек, қосымша жарықтандыру) қарастырылған.
Науқан аясында қолжетімділікті арттырудың қосымша тетігі ретінде ақпараттандырудың кеңейтілген форматы енгізілді. Яғни әрбір учаскеде жаңа Конституция жобасының мәтіндік нұсқасымен қатар, аудио нұсқасы да қолжетімді. Референдум күні өз учаскесінде дауыс бере алмайтын, уақытша басқа жерде болатын азаматтардың электоралды құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында заңнамаға сәйкес есептен шығару куәлігін алу мүмкіндігі де бар.
Қазіргі уақытта азаматтарды республикалық референдумның өту барысы туралы әртүрлі байланыс арналары арқылы кеңінен ақпараттандыру ұйымдастырылып отыр. Арнайы онлайн сервистер іске қосылуда. Осыған байланысты ОРК төрағасы учаскелік комиссияларға әр дауыс берушіге QR коды бар дербес шақыру қағаздарын жеткізу жұмыстарын сапалы түрде қамтамасыз етуді тапсырды.
Мегаполис пен Қонаев қаласында өткізілген жиында ведомствоаралық үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кеңесте жергілікті атқарушы органдардың басшылары республикалық референдумға қатысушылар тізімін өзектендіру жұмысын аяқтағандары және учаскелердің дауыс беру күніне дайындық деңгейі туралы баяндады.
Есепке сәйкес Алматы қаласында 663 референдум комиссиясы жұмыс істейді, оның ішінде 9-ы – аумақтық, 654-і – учаскелік. Бұл комиссиялардың құрамында барлығы 4 615 адам бар. Ал Алматы облысында 694 референдум комиссиясы (12 аумақтық және 682 учаскелік) жұмылдырылған. Олардың қатарында 4 806 азамат жұмыс істейді.
Сапар аясында аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының басшыларына арналған семинар өткізілді. Оқыту үдерісі алдымен тестілеуден басталды, оның нәтижесіне сәйкес олардың дайындық шаралары қалыптастырылды. Семинар барысында практикалық кейстер, нақты жағдайларға арналған әдістемелік ұсынымдар берілді.
Мұндай дайындық үлгісі аудандар мен қалаларда каскадтық әдіспен жүзеге асырылып жатыр. Бұл – барлық деңгейдегі комиссиялардың кәсіби дайындық стандарттарын біркелкі қамтамасыз етуге бағытталған.