Елордадағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорында ХІV ғасыр туындысы «Хұсрау-Шырын» дастанының Париж ұлттық кітапхана қорынан алынған түпнұсқалық көшірмесі сақтаулы тұр.
Аталған орталықтың білікті маманы әрі археографы Әділәлі Жабықбайұлының айтуына қарағанда, бұл дастан Алтын Орда дәуіріне тән мұра һәм ХIV ғасырдың бірінші жартысында, яғни 1341 жылы Ұлық ұлыс ханы Тыныбекке арналып жазылған. Дастанның мазмұны Хұсрау мен Шырын арасындағы махаббат хи-каясына негізделген.
«Әзербайжан халқының кемеңгер ақыны Низамидің «Хұсрау мен Шырын» поэмасын Құтб ақын қыпшақ-оғыз тіліне 1341–1342 жылдары аударған болса керек. Бұл – Тыныбектің Алтын Орда тағына отырған кезі. Аудармашы дастанды Тыныбек патша мен ханшайым Малика қатынға арнайды. Дастан 91 тарау, 4740 бәйіттен тұрады. Жалпы көлемі – 120 парақ. Дастанда Құтб ақынның өзі жазып, қосқан жыр жолдары да бар. Қалғандары шығарманы көшірушілер тарапынан қосылған өлеңдер болып келеді», деп жазыпты филология ғылымдарының докторы, профессор Немат Келімбетов 2001 жылы жарық көрген «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты еңбегінде.
Шығарманың басты ерекшелігі – түркі-қыпшақ поэзиясының көрнекті әдеби жауһарларының бірі ретінде бағалануы. Поэмада авторлар тарапынан келтірілген афоризмдер мен мақал-мәтелдер шығарманың құндылығын арттырып тұрса, келесі кезекте аталған дастан – ортағасырлық түркі поэзиясы мен фольклорын зерттеу үшін аса бай дереккөз саналады.
Сондай-ақ ортағасырлық түркі туындыларын зерттеген әдебиетшілер XIV ғасыр туындысы Құтб шығармасының тілі мен XVII ғасырдың басындағы Қадырғали бек Жалайыри «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінің тілі өте жақын екенін айтады. Оған дәлел – екі шығармадағы тіркестер, терминдер мен сөздер бірдей.