«Қазақстандық металл құрылымдар зауыты» ЖШС агроөнеркәсіп пен мұнай-газ салаларына арналған жоғары технологиялық жабдықтар өндіреді. Зауыт – республика көлемінде осы салаға маманданған жетекші кәсіпорын. Әрі өндіріс орны аспалы және тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасын өндіреді. Олардың көмегімен топырақ өңдеп, дақылдар егуге, егістікті күтіп-баптауға болады.
Зауыттың өнімдері – астық пен көкөніс дақылдарына арналған жерді өңдеуге таптырмас техникалар. Одан бөлек, кәсіпорын әртүрлі диаметрдегі шарлы крандар, болат тройниктер, магистралды мұнай-газ құбырларын, тазалау мен диагностикалық құралдар, қабылдау камераларын жасап шығарады.
Кәсіпорын бүгінде өндірістік базаны нығайтуға, заманауи технологиялық жаңалықтар енгізуге және өнімді ішкі нарық талаптарына сай бейімдеуге ерекше назар аударып келеді. 2023 жылдан бастап өндіріс ошағы өнім көлемін кезең-кезеңмен арттырып, олардың түрлерін көбейтуге айрықша ден қоя бастады. Өткен жылдың қорытындысында өндірілген өнім көлемі 6,4 млрд теңгені құраған. Бұдан серіктестіктің тұрақты дамып келе жатқанын, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға қосқан үлесі елеулі екенін байқауға болады.
Қазір мұнда 65 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, қызметкерлердің орташа айлық жалақысы шамамен 300 мың теңгеге жуықтайды.
Бүгінде кәсіпорында жалпы ауданы 6 мың шаршы метрді құрайтын жаңа өндірістік цехтың құрылысы жүріп жатыр. Аталған нысанды биыл маусым айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осы жобаны жүзеге асыруға 4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Жаңа цехтың іске қосылуы, ең алдымен, ауыл шаруашылығы техникасының өндірістік қуатын айтарлықтай арттыруға, сондай-ақ кемінде 100 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Компанияның алға қойған басты мақсаты – өнім өндірісінде отандық технология мен шикізатты қолданып, жүз пайыз отандық тауар шығару. Келешекте зауыт өз тауарын Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мен Ресей Федерациясына жөнелтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Шығыс Еуропа елдерімен ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Серіктестік директорының орынбасары Муслим Тажидиновтің айтуынша, қазір компанияның Алматы қаласында филиалы бар. Онда ғимарат құрылысына арналған сэндвич панельдер мен металл шатыр жабындысы өндіріледі. Енді Қарағандыдан да бір бөлімше ашылмақ. Ол жерде ауыл шаруашылығы техникасын, соның ішінде трактор жасап шығаруды жоспарлап отыр.
«Трактор құрастыруға моторды қайдан сатып алатынымызды қазір ойластырып жатырмыз. Қалған бөлшектерін өзіміз жасаймыз деген ниет бар. Ол біздің қолымыздан келеді. Себебі магистралды мұнай, газ құбырларын диагностикалайтын күрделі құрылғыны өзіміз жасап шығардық. Елімізде бізден басқа мұндай кәсіпорын жоқ. Ресейде ғана екі зауыт бар. Бұрын елімізде өндірілмей тұрғанда мұнай, газ компаниялары Ресейден тапсырыс беріп алдыратын. Қазір «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» магистарлды газ құбырлары басқармасы мекемесіне сервистік қызметті біз ғана көрсетеміз. Диагностикалау құрылғысын сату бойынша Түрікменстанмен 8 млн долларға келісімшарт жасасып жатырмыз», дейді М.Тажидинов.
Кадр мәселесіне де тоқтала кеткен ол кәсіпорынға білікті мамандар қажет екенін айтады. Зауыт өз тарапынан қаржы бөліп, жастарды күрделі станоктарда жұмыс істеуді үйретеді. Бірақ жас мамандар тұрақты жұмыс істемей, басқа жақтарға кетіп қалады екен. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кәсіпорын жұмысымен танысу барысында осы мәселені шешуге уәде еткен. Яғни Жұмыспен қамту орталығы арқылы мемлекет есебінен кадрлар даярланып, зауытқа жіберіледі. «Германиядан арнайы мамандар шақыртуды да көздеп отырмыз. Олармен тәжірибе алмасу маңызды болып тұр. Алдағы уақытта Шығыс Еуропа елдеріне ауыл шаруашылығы техникасын экспорттағымыз келеді. Себебі бұл елдер осы кезге шейін ондай техниканы негізінен Украинадан алып келді. Ал бүгінгі жағдайға байланысты Украина Шығыс Еуропа мемлекеттерінің сұранысын толық қанағаттандыра алмай отыр. Аталған елдердің Украина өніміне қызығуының себебі – бағасы арзан. Біздің де өніміміздің бағасы Батыс Еуропаның ауыл шаруашылығы техникаларына қарағанда екі есе төмен. Осы мүмкіндікті мүлт жіберіп алмауымыз керек. Сондықтан отандық өнімді таныстыратын арнайы көрме алаңы ұйымдастырылса, өзіміздің сапалы ауыл шаруашылығы техникаларын Шығыс Еуропаның әлеуетті сатып алушыларына таныстыруға әзірміз», дейді М.Тажидинов.
ШЫМКЕНТ