Кеше елордада Орталық референдум комиссиясының қорытынды отырысы өтіп, саяси науқанға дайындық шаралары пысықталды. Жиынды жүргізген комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров 13 наурыздан 14-не қараған түнгі сағат 00:00-ден бастап «тыныштық күні» кіретінін, референдум алдында үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынатынын ескертті.
Отырысқа ОРК және өңірлердегі Аумақтық референдум комиссияларының мүшелері мен облыс әкімдіктері басшылық өкілдерімен қатар, ТМД және осы ұйымға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының байқаушылары, ЕҚЫҰ-ның демократиялық институты сынды өзге де бірқатар іргелі халықаралық ұйымнан референдумға баға беру миссиясының өкілдері қатысты.
Н.Әбдіров күнтізбелік жоспарға сәйкес 13 наурыз күні комиссия мүшелерін оқыту жұмысының толық циклі аяқталатынын мәлімдеді. Дайындықтың негізгі бағыттарының бірі комиссия мүшелерін оқыту болды.
«Жедел деректердің алдын ала ақпаратына сүйенсек, референдумға дайындық аясында референдум комиссияларының мүшелеріне 5 800-ден астам семинар өткізілді. Нәтижесінде, барлық деңгейдегі комиссияның 71 мың мүшесі оқумен қамтылды. Оған қоса референдум комиссия мүшелерінің білім деңгейін бақылау мақсатында олар қашықтан онлайн форматында тест тапсырды. Мұнымен бірге Орталық референдум комиссиясы акредиттелген республикалық және өңірлік қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдеріне онлайн семинар өткізді. Нәтижесінде, азаматтық сектордың 500-ден астам өкілі қамтылды», деді ОРК төрағасы.
Аумақтық комиссиялардың деректері бойынша, 3 800 адам қамтылған 170-тен астам семинар өткізілді. Бұдан бөлек, Орталық референдум комиссиясының мүшелері мен аппарат қызметкерлері өңірлерге барып, жергілікті жерлерде 3 мыңнан аса комиссия мүшесі қатысқан семинар-кеңес ұйымдастырған.
Комиссия төрағасы Н.Әбдіров дайындық жұмысы аясында маңызды бағыттардың бірі ретінде мүгедектігі бар азаматтардың референдумға қатысуы үшін қолжетімді жағдайларды қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмағанын жеткізді.
«Бұл бағыттағы жұмыстар Орталық референдум комиссиясының қаулыларына және комиссия жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының ұсыныстарына сәйкес жүзеге асты.
Атап айтқанда, барлық дауыс беру учаскелерінде Конституция жобасының мәтінін аудио сүйемелдеумен орналастыру қамтамасыз етілді. Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға Брайль қарпімен әзірленген нұсқаулықтар дайындалды. Сондай-ақ бюллетендерді толтыру бойынша да арнайы аудио нұсқаулықтар қарастырылды», деді Нұрлан Мәжитұлы.
Сонымен қатар комиссия төрағасы аккредиттеуге қатысты өтінімтерді қабылдау, қарау және тіркеу жұмысы белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылғанын атап өтті.
«Қазіргі кезеңде референдум комиссияларының функцияларын орындайтын сайлау органдарының аккредиттелген ұйымдарының реестрі интернет ресурсымызда ашық қолжетімді. Олар дауыс беру күні референдум учаскелеріне қатысуға құқылы, ал референдум комиссиялары тиісті жағдаймен қамтамасыз етеді. Осы ретте референдум күні дауыс беру учаскелерінде референдум үдерісіне қатысы бар адамдар ғана болады», деді Н.Әбдіров.
Бүгінде 256 ұйым аккредиттелді, оның 11-ін Орталық референдум комиссиясы, ал 245-ін аумақтық комиссиялар аккредиттеген.
Сонымен қатар ОРК төрағасы барлық деңгейдегі референдум комиссияларына учаскелерде тәртіп ережелері мен референдум, сайлау заңнамаларының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Комиссияның қорытынды жиынында бүгін, яғни «тыныштық күнінде» референдум қарсаңында үгітке және қоғамдық пікірге сауал жүргізуді жариялау бойынша шектеулер күшіне енетіні ресми хабарланды. Бұл бойынша Орталық референдум комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік республикалық референдум қарсаңында үгіт жүргізудің негізгі талаптарын еске салды.
Оның айтуынша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-бабының 4-тармағына сәйкес, референдумның қарсаңындағы күн мен референдум өткiзiлетiн күнi үгiт жүргiзуге тыйым салынады. Яғни кеше сағат 00.00-де үгіт кезеңі аяқталды. Осы сәттен бастап «тыныштық күні» басталды.
«Бұл 14 наурызда және дауыс беру күні – 15 наурызда кез келген үгітке тыйым салынғанын білдіреді. Бұл талаптар заңнамамен белгіленген және электоралдық үдерістің барлық қатысушысы үшін міндетті», деп атап өтті Ләззат Сүйіндік.
Сондай-ақ Ләззат Сүйіндік қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу ережелеріне де жекелей тоқталды. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-1-бабына сәйкес, мұндай сауал салулар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарды сақтай отырып жүргізіледі. Заңда көрсетілген талаптарды бұзған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
ОРК жиынында референдум комиссиялары республикалық референдумды өткізуге толық дайын екені айтылды. Сондай-ақ референдум күні ОРК мүшелері әр екі сағат сайын тікелей эфирге шығып, дауыс беру барысы туралы ақпарат беріп отырады.
ОРК референдумды дайындау кезеңінде 200-ден астам азамат пен ұйымның өтініштерін қарапты. Азаматтардың өтініштері заң аясында және белгіленген мерзімде қаралмақ. Ал азаматтардың өтініштері бойынша комиссиялардың шешімдеріне шағымдар түспеген. Мұны Орталық референдум комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова мәлімдеді.
Баяндамашы атап өткендей, Республикалық референдумды өткізу туралы жарлық қабылданғаннан бері Орталық комиссияға 228 өтініш түскен, оның ішінде 200-і жеке, ал 28-і заңды тұлғадан.
ОРК мүшесінің айтуынша, өтініштердің ең көбі референдум туралы заңнаманы түсіндіруге қатысты болған екен.