Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қазақстанға республикалық референдумды байқауға келген халықаралық байқау миссияларының басшылары және шетелдік сайлау органдарының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.
Атап айтқанда, ТМД байқаушылар миссиясының атынан ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенко, Қауіпсіздік және ынтымақтастық шарты ұйымының Парламенттік Ассамблеясы атынан Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Сот-құқықтық, құқық реттеу, қылмыспен күрес және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитет төрағасының орынбасарымен кездесті.
Сонымен қатар Нұрлан Әбдіров ТҮРКПА Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының төрағасы, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, Миссия басшысы Осман Местенмен кездесті.
Сондай-ақ бірқатар шет мемлекеттің сайлау органдары басшыларымен екіжақты кездесулер өтті. Түрік Республикасы Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер, Албания Республикасы Сайлау жөніндегі Бас комиссары Илирджан Челибаши, Қырғыз Республикасының Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы Тынчтык Шайназаровпен кездесулер барысында Нұрлан Әбдіров шетелдік әріптестерін республикалық референдумға дайындықтың негізгі бағыттарымен таныстырды. Ол референдум комиссияларының қызметін ұйымдастыру, дауыс беру учаскелерінің дайындық деңгейі, азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға бағытталған шаралар және ақпараттық жұмыс туралы айтты.
Референдумды байқауға 38 мемлекет пен 11 халықаралық ұйымнан барлығы 359 байқаушы аккредиттеуден өтті, бұл дауыс беру үдерісінің ашықтығы мен жариялылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ тараптар халықаралық байқау ұйымдастыру мәселелерін, миссиялардың жұмыс жағдайлары және референдум комиссияларымен өзара іс-қимылды талқылады. Халықаралық миссиялардың басшылары өз кезегінде байқау іс-шараларының жоспарлары мен форматтары туралы ақпарат ұсынды.