Ербол Хамитов Италияда өтіп жатқан қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы атанды. Пара биатлоннан 4,5 шақырымға із қуу сайысында жерлесіміз қайсар мінез танытып, төртжылдық додасында топ жарды.
Еліміздің спортшылары қысқы Паралимпиада ойындарында осымен екінші алтын медальға қол жеткізіп отыр. Италия төріндегі ақ аламанда Ербол Хамитов бұған дейін пара шаңғыдан қола медаль олжалаған еді. Енді міне, ел мерейін асырып, мәртебемізді биіктетіп пара биатлоннан алғашқы алтын жүлдені қанжығаға байлады.
– Мәреге жақындағанда асқақтаған көңілімді тежей алмадым. Бұл жүлдені көптен күтіп, барымызды салып әзірлендік. Жанкүйерлердің сенімін ақтап, үмітін маздатып Паралимпиада чемпионы атанғаныма қуаныштымын, – деді Ербол. Талантты спортшы бұл дүбірлі додаға екінші мәрте қатысып, орасан табысқа жетті.
Қысқы Паралимпиада ойындарына спортшыларымыз 1994 жылдан бері қатысып, бес медаль жеңіп алды. Бұған дейін 2018 жылы Пхенчхандағы бәсекеде Александр Колядин пара шаңғыдан чемпион атанған еді. Көптен бері кетіп жүрген есемізді түгендеген саңлақ Ербол Хамитов – Паралимпиада додасында екі мәрте медаль олжалаған әзірге жалғыз спортшы.