Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сингапур Республикасының Премьер-министрі Ли Сянь Лунге осы елдің тұңғыш Премьер-министрі Ли Куан Юдың қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Жеделхатта Қазақстан Президенті Сингапур мемлекетінің негізін қалаған жаһандық ауқымдағы көрнекті саяси қайраткер Ли Куан Юдың қайтыс болғаны туралы хабарды күйзеле қабылдағаны айтылған.
«Біз жиі кездесіп тұрдық. Мен оны жақын дос санадым, одан көп тәжірибе алдым. Орны толмас қайғыны бөлісе отырып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ, барша Сингапур халқына көңіл айтамын», – делінген жеделхатта.
Нұрсұлтан Назарбаев Сингапурдың әлемдік беделін нығайтып, оның Азиядағы жетекші ел ретінде қалыптасуы үшін Ли Куан Юдың орасан күш-жігер жұмсағанын және сол арқылы артына өшпес мұра қалдырғанын атап өткен.
«Қазақстан халқы Ли Куан Юдың біздің елдеріміздің арасындағы берік достық қатынастарды нығайтуға қосқан зор үлесін ешқашан ұмытпайды», – делінген жеделхатта.