• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2015

Сенат Төрағасының Иордания Королімен жүздесуі

275 рет
көрсетілді

Амманға жұмыс бабындағы сапары барысында Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі Абдалла II-мен кездесті, деп хабарлады Пар­ламент Сенатының баспасөз қызметі. Сенат Төрағасы Абдалла II-ге Қазақ­стан Президенті Н.Назарбаевтың жылы шырайлы сөздерін жеткізді. «Халық­аралық жағдайды сауықтыруға, сондай-ақ, Корольдіктің қоғамдық-саяси өмірі мен экономикасын реформалауға бағыт­талған сіздің қызметіңізді біздің елі­міздің Президенті жоғары бағалайды», деп атап өтті Қ.Тоқаев. Сенат Төрағасы әлемдік діндер мен конфес­сиялардың өзара іс-қимылын қалыптастыру жөніндегі Иорданияның көзқарасы Қазақстанға да ортақ екенін атап өтті, исламның бейбітсүйгіш дін екені, сондай-ақ, түрлі діндер өкілдерінің арасындағы үнқатысудың маңыздылығы «Амман жолдауында» көрініс тапқаны айтылды. «Бұл идеялар Қазақстанға да өте жақын. Біздің пікірімізше, бейбітшілік, қауіпсіздік және өзара ынтымақтастық қағидаларын бекемдеуде әлемдік қоғамдастықта басқа діндер сияқты исламның да зор әлеуеті бар», деді Қ.Тоқаев. Толеранттылық пен өзара құрмет рухын ілгерілету жөніндегі Иордания Ко­ролінің күш-жігерін жоғары бағалаған Парламенттің жоғарғы пала­тасының Төрағасы, Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшылары съезі Хат­шы­лығының басшысы Қ.Тоқаев Абдал­ла II-ге биылғы 10-11 маусымда Аста­нада болатын V Съезге Президент Н.Назарбаевтың шақыруын жеткізді. «Саяси көшбасшылар мен діни басшылар тарапынан келісілген іс-қимыл мен өзара қолдау барда адамзат қазіргі замандағы жаһандық қатерлерге тиімді қарсы тұра алады, сіздің өзіңіздің V Съезге қатысуыңыз халықаралық қоғам­дас­тықтың бәріне ол туралы анық белгі беретіні күмәнсіз», деп атап өтті Сенат Төрағасы. Қ.Тоқаев Абдалла II-ні Қазақстандағы ішкі саяси жағдайлар туралы хабардар етіп, Мемлекет басшысының «Нұр­лы Жол – болашаққа бастар жол» Жол­дауын іске асыру, сондай-ақ, сайлау науқанының барысы туралы әңгімеледі. Иордания Королі Қазақстан Пре­зи­денті Н.Назарбаевқа зор құрметпен қарай­тынын жеткізе отырып, оған сайлауда табысқа жетуіне тілектестігін біл­дірді. Жоғары деңгейде сенімді үнқатысу орнықты, бірнеше мәрте Қазақ­станда сапарда болған Король Абдал­ла II біздің еліміздің даму қарқы­нына ризашылығын білдірді, Астана мен Амманның халықаралық және аймақтық көптеген мәселелер бойынша көзқарастары ұқсас екені маңызды. Сапар аясында Қ.Тоқаев Иордания Хашимит Корольдігі Парламенті Сенатының Төрағасы Абд Ар-Рауф Әл-Рауабдемен кездесті. А.Рауабденің былтырғы маусымдағы Қазақстанға сапарына ерекше мән берген Сенат Төрағасы оның парламентаралық үнқатысуға қосымша серпін бергенін атап өтті және Қазақстан Парламенті иордан әріптестерімен өзара іс-қимылды нығайтуға әзірлігін білдірді.