Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды ресми түрде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл цифрлық державаға айналу жолындағы нақты қадамның бірі болғаны даусыз. Қазір еліміздегі барлық салада озық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу кеңінен жүргізіліп жатыр. Ішкі істер органдарында да кейінгі уақытта көптеген цифрлық жоба ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде белсенді қолданыла бастады.
Бейнебақылау – алдын алудың тиімді құралы
Қазіргі уақытта ел тұрғындарының жалпы қауіпсіздік деңгейін арттыру, сондай-ақ қылмыстар санын барынша азайту үшін ІІМ ең алдымен елді мекендердегі жаппай бейнебақылау жобасын белсенді іске асырды. Бұл өз кезегінде құқықтық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мен азаматтардың құқықтарын қорғауды жоғары деңгейде қамтамасыз етуге септігін тигізіп жатыр.
Бүгінде «Елді мекендерді жаппай бейнебақылау» жобасы аясында елімізде 1,6 миллионнан аса бейнекамера орнатылған. Оның ішінде 545 мың камера Жедел басқару орталықтары мен кезекші бөлімдерге қосылған. Соның арқасында қалалар мен елді мекендердегі жағдайды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік туып отыр.
Кейінгі уақытта ашылған қылмыстардың көрсеткішіне назар салсақ, бейнекамералардың тиімділігі айқын көрінеді. Мәселен, әр кезеңде ашылған қылмыстық құқық бұзушылықтардың шамамен 66 пайызы дәл осы бейнебақылау құралдарының көмегімен анықталған. Бұл цифрлық технологиялардың ішкі істер саласындағы іс жүзіндегі маңызын көрсетсе керек.
Сонымен қатар ішкі істер саласында Ұлттық бейнебақылау жүйесі жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл жобаның басты мақсаты – еліміздегі әртүрлі бейнебақылау жүйелерін бір орталыққа біріктіру мен оларға жасанды интеллект технологияларын енгізу.
Жоба аясында 24 мыңнан аса бейнекамера жасанды интеллект негізіндегі аналитикамен жабдықталды. Бұл технологиялар адамның бет-әлпетін тану, күмәнді заттарды анықтау, көлік қозғалысын талдау сияқты күрделі тапсырмаларды орындай алады. Қазіргі уақытта бұл жүйе еліміздің барлық өңірінде сынақтан өткізіліп жатыр.
Жаңа құрылғылар ең алдымен адамдар көп жүретін жерлердегі, яғни әуежайлар, теміржол вокзалдары, мешіттер, мектептер, ауруханалар, әкімшілік ғимараттар және тағы басқа нысандарға кеңінен орнатылып жатыр. Осы жүйе қолданысқа енгізілгеннен бүгінгі күнге дейін заң бұзған 1 335 адам анықталып, ұсталды.
Жол қозғалысындағы цифрлық жоба
Жол қозғалысын бақылау тиімділігін арттыру мақсатында Ішкі істер министрлігі бірнеше цифрлық жүйені біріктірді. Атап айтқанда, «ITS», «Қорғау» жүйелері, іздестіру жүйесі және камералар «ТОР» атты бірыңғай цифрлық платформаға біріктірілді.
Бұл платформа жасанды интеллект технологиялары арқылы көлік қозғалысын бақылап, көлік құралдарын іздестіре алады, сондай-ақ «шаршаған жүргізушілерді» анықтайды. Қазіргі уақытта жүйеге 32 мың камера қосылған.
Патрульдік полиция қызметкерлеріне арналған «Қорғау» мобильді қосымшасы енгізілді. Осы қосымша арқылы қызметкерлер көлік құралдарын жедел тексере алады. Жыл басынан бері қосымша арқылы 51,7 мыңнан аса көлік құралы тексерілді; 5,4 мыңнан аса әкімшілік құқық бұзушылық анықталды; 618 көлік құралы іздестіру бойынша ұсталды; 44,5 мың борышкерге айыппұлдары туралы хабарлама жіберілді.
Ал еліміздегі жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында республика бойынша 28,7 мың стационарлық камера іске қосылды. Осы камералардың көмегімен биыл тек қаңтар айында ғана 7,5 млрд теңге сомасына жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері тіркеліп, оның 5,2 млрд теңгесі өндірілді.
Бүгінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қадағалауға ұшқышсыз ұшу аппараттары да кеңінен қолданысқа енгізіле бастады. Әлемде мұндай тәжірибе дамыған елдерде кең тараған. Еліміздің ішкі істер органдарында қазіргі уақытта 300-ден аса дрон қолданылады. Алдағы уақытта оларды жасанды интеллект жүйелерімен жабдықтау жоспарланып отыр. Осындай технология енгізілген дрондар енді жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде өздері тіркейді. Бұл әсіресе стационарлық камералармен қамтылмаған аймақтарда бақылаудың тиімділігін арттырары сөзсіз. Сондай-ақ әкімшілік айыппұлдардың өндіріп алынуын көбейтіп, жолдағы тәртіпті нығайтуға ықпал етеді.
Жол қауіпсіздігін арттыру бағытындағы тағы бір инновациялық жоба – «Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі». Бұл жүйе жасанды интеллектімен жабдықталған бейнекамера арқылы көліктердің нөмірлері мен жүргізушілердің әрекеттерін автоматты түрде таниды. Егер жүргізуші жаяу жүргіншіге жол бермесе немесе ереже бұзса, жүйе оны тіркеп, мәліметтерді процессинг орталығына жібереді.
Мұндай өткелдер көбіне мектептердің, тұрғын аудандардың, адам көп жиналатын қоғамдық орындардың маңына орнатылады. Қазіргі уақытта елімізде осындай 89 «ақылды» өткел жұмыс істеп тұр. Олардың көмегімен 11 мыңнан аса жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталып, 178 млн теңгеден аса айыппұл салынды. Ал өндірілген қаржы – 173,5 млн теңге.
Бүгінгі таңда цифрлық технология-лар құқық қорғау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. Бейнебақылау, жасанды интеллект, интеллектуалды платформалар мен дрондар құқық бұзушылықтарды анықтауды жеделдетіп қана қоймай, олардың алдын алуға да мүмкіндік береді.
Ішкі істер органдарындағы цифрландыру жұмыстары қоғамдағы қауіпсіздікті нығайтып, азаматтардың құқықтары мен тыныштығын қорғауға бағытталған. Заманауи технологиялар енгізілген са-йын құқық қорғау қызметі тиімдірек, жедел әрі ашық бола түседі. Бұл қауіпсіз және заң үстемдігі орнаған қоғам құру жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз.
Сәкен СӘРСЕНОВ,
Ішкі істер министрінің орынбасары