• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:25

Дәрігерге дән ризамын

10 рет
көрсетілді

Ақсақал жасына жетіп,немеренің қызығын көріп, шөберенің қолынан май жалау – өмірдің бір нығметі. Сол бақыттың дәмін енді-енді тата бастаған шақта ден­саулықтың қиғылық салатыны қиын екен.

Өткен айда жүрегім сыр беріп, қан қысымым 200-ден асты. Алматы облысының Талғар аудандық ауруханасына ауыр халде түстім. Ақ халатты абзал жандар екі жарым тәулік бойы қан қысымымды қалыпқа келтіру үшін жанталасты. Отыз шақырым жердегі Алматы облысына қарасты көпсалалы клиникалық ауруханаға жету мұң болып, ажалмен арпалыстым. Құдай қарасып, өз ісіне берілген мамандардың көмегімен үшінші күні дегенде Алматы облыстық ауруханасына жеттім.

«Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ» дейді қазақ. Былтыр тағы да жүрегім мазалап, Майра Әлімбетова басқаратын облыстық ауруханада екі тамырыма стент қойғызып, емделіп шыққан едім. Сол кездегі көз таныстықтың себебі болар, кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзара Пархатова: «Өзіміздің атамыз келді», деп құрақ ұшып қарсы алды. Екі апта ішінде Гүлзара Абдуллақызының барлық емделушіге жасаған қамқорлығын көзбен көрдім. Емдеуші дәрігерім Исмат Арзыманова да маған өз қызымдай жақсы қарап, қолынан келген көмегін аянып қалмады.

Он екі мүшенің бастысы – жүрек сыр беріп, оны үздіксіз соқтырып тұратын ИКД имплантация-сын жасау керектігі анықталғанда, уайымым қайта күшейді. Десе де, рентгенэндоваскулярлық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Арман Садықов, дәрігер-аритмолог Нұрболат Жамайұлы Бигелдиев, дәрігер Алтай Жолдасбай сынды білікті мамандар ИКД имплантациясын да сәтті жасап, өміріме төнген қауіп бұлтын сейілтті.

Түйіндей айтқанда, айналдырған екі апта ішінде облыстық аурухананың басшы дәрігерлерінен бас-тап, медбике, санитарларға дейін бұқара алдын­дағы міндетіне жауапкершілікпен қарай­тынына көзім жетті. Осы орайда Наурыз мерекесі қарсаңында ақ халатты абзал жандарға алғыс айтып, «Көктемгі жылылық барша дәрігерлер қауымының жандарына шуақ құйсын!» дегім келеді.

 

Бірлік НҰРСАПАҰЛЫ,

зейнеткер

Соңғы жаңалықтар