• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
15 Тамыз, 2015

Мемлекет жеке сот орындау саласына қолдау көрсетеді

338 рет
көрсетілді

Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жеке сот орындау институтының жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізу мен мемлекеттік сот орындаушыларын кезең-кезеңмен қыс­қарту көзделген болатын. Осыған орай бүгінде мемлекет жеке сот орындау саласына қол­дау көрсету мақсатында сот шешімдерінің атқару үлгісін дамы­туға кедергі келтіретін бірқатар кемшіліктерді жоюға күш салуда. Кеше осы мәселе төңірегінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Әділет министрлігінің сот актілерін орындау департаменті дирек­торының орынбасарлары Саида Сағдат пен Сұран Меркібай, сондай-ақ, жеке сот орындаушылары республикалық пала­тасының төрағасы Сергей Лидің қатысуымен брифинг өтті.

Онда белгілі болғандай, 2016 жыл­дан бастап жеке сот орын­дау­шы­лар­ының қарамағына заңды тұлғалардың пайдасына шешілген сот істері өтеді. Олар барлық аталған өндірістік істің шамамен 20 пайызын құрайды. Сонымен қатар, жеке сот орындаушыларына алимент, жалақы, зейнетақы және мүліктік емес өндірістерді атқаруды тап­сыру қарас­тырылған. Деген­мен, лицен­зия­ланған сот орын­даушы­ларының өкілеттігі мемлекет борышкер болған жағдайларда және мемлекет мүддесін көз­дейтін, яғни көшіру, орналас­тыру, бұзу, жер телімдерін алу және басқа да өндірістер жеке сот орындау санаттарына таралмайды.

Әрине, жеке сот орындаушылар институты әлеуеті соңғы екі жылда айтарлықтай артып, алда болатын өзгерістерге дайын екенін көрсетті. Мәселен, биылғы 1-жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жеке сот орындаушыларының атқаруында 1,3 трлн. теңгенің 535 мыңға жуық құжаты болса, оның 227 млрд. теңгені құраған 134 мың құжаты қаралып бітті. Сондай-ақ, 21,6 млрд. теңгенің 96 мың құжаты толық қаралды. Жеке сот орындаушыларының көмекшілер санына шектеу қойылмауы оларға актілерді барынша көбірек қарауға мүмкіндік береді. Соны­мен қатар, жеке сот орындау саласын дамытумен бірге, Ұлт жоспары аясында мемлекеттік сот орындаушылардың санын 2017 жылға қарай 66 пайызға кезең-кезеңмен қысқарту қарас­тырылған. Ал Әділет министр­лігінің сот актілерін орындау депар­таменті директорының орын­басары Саида Сағдаттың айту­ынша, 2018 жылы тек 400 мемлекеттік сот орындаушыны қалдыру көзделген. Бұдан бөлек, Қазақстан аза­мат­тары өзінің мемлекет­ке қанша қарыз екендігін Әділет министр­лігінің сайтынан тексере алады. «Бүгінгі күні Əділет министр­лігінің сайтында Қазақстан Респуб­ликасы шегінен шығуы уақытша шектелген тұлғалардың жəне борышкерлердің тізімі жазылғандығын айтқым келеді. Сондықтан, егер біреу шетелге шығуды жоспарласа шекарада түсініспеушіліктер орын алмас үшін, сайттан тізімде өзінің бар-жоғын анықтап алуына болады», – дейді Саида Сағдатқызы. Сондай-ақ, «Банктер және банк қызметі туралы» Заңның 50-бабына, сот орындаушыларды борышкер жеке тұлғалардың шоттары жайлы ақпарат алуға мүмкіндігі бар тұлғалар тізіміне қосу туралы түзету енгізу қарастырылуда. Мәселен, Ресей, Грузия, Францияның жеке сот орындаушылары атқарушылық құжат негізінде түрлі тізімдер бойынша банктерге электронды түрде кедергісіз кіре алады. Ал борышкердің банктегі мәліметтеріне электронды кедергісіз кіру құқығы Дүниежүзі Банк атқарушылық өндірісті жетілдіру кеңесі негізінде беріліп отыр. Республикалық палатаның жос­парында жеке сот орындаушыларын және олардың көмекшілерін жыл сайын арнайы орталықта тағылымдамадан өткізу қарас­тырылған. Оның қоры­тындысы бойынша маманның біліктілігі айқындалады немесе емтиханнан өтпеген жағдайда лицензиясын тоқтату туралы шешім қабылданады. Өйткені, жеке сот орындау саласы сот актілерін және өкілетті органдардың шеші­мін жүзеге асыруда жедел және заманауи үлгі ретінде танылса мемлекеттік сот орындаушылар ел мүддесін қорғауына сай борышкерге әкімшілік ықпалын тигізетін соңғы саты болып қала бермек.

Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан».