27 наурыз – Дүниежүзілік театр күні. Бұл күн Қазақстанда тек театр қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ғана емес, сонымен бірге театр өнерінің жүйелі дамуын, көрермен сұранысының артуын және шығармашылық ізденістің кеңеюін айқындайды. Театрға қызығушылықтың артып келе жатқанын – биылғы 3 ай ішінде 170 мың көрерменнің қойылымдарды тамашалағаны айғақтайды, деп жазады Egemen.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бүгінде ел көлемінде 70-тен астам театр жұмыс істейді, оның ішінде 57-сі – мемлекеттік театрлар. Олардың 11-і республикалық, ал 46-сы өңірлік деңгейде қызмет етеді. Бұл деректер театрдың ұлттық мәдени кеңістіктегі орны айрықша екенін көрсетеді.
Саладағы серпін өткен жылдың қорытындысынан да анық байқалады. 2025 жылы мемлекеттік театрларда 410 жаңа қойылым сахналанды. Сонымен қатар, театр ұжымдары 539 гастрольдік сапар ұйымдастырды, оның 495-і ел ішінде, ал 44-і шетелде өтті. Жыл қорытындысында 16 мың қойылым көрерменге жол тартса, оларды 2 832 835 адам тамашалаған.
Театрлардың шығармашылық табысы халықаралық және республикалық деңгейдегі байқауларда да көрініс тапты. Былтыр отандық театр қайраткерлері 101 халықаралық және 90 республикалық фестиваль мен байқауға қатысып, нәтижесінде 13 қойылым «Гран-при» және «Ең үздік спектакль» аталымдарын иеленді.
Абай театры – Сингапурда
Ал биылғы жылдың алғашқы үш айының өзінде-ақ оң динамика сақталып отыр. 2026 жылдың бірінші тоқсанында республикалық театрларға 170 927 көрермен келген. Бұл – театрға деген қызығушылықтың бәсеңдемегенін, керісінше, тұрақты түрде өсіп келе жатқанын білдіреді.
Жыл басынан бері сахнаға жол тартқан жаңа қойылымдар да көрермен ықыласына бөленіп үлгерді. Олардың қатарында «Қорғансыз», «Қазақи комедия немесе Бонапарттың үйленуі», «Шолпанның күнәсі» спектакльдері бар.
Әуезов театрының жүз жылдық тарихынан сыр шертетін құнды деректер жарияланды
Дүниежүзілік театр күніне орай ел театрларында бірқатар маңызды мәдени шаралар жоспарланған. Атап айтқанда, «Астана Балет» театрында «Болеро Х» балетінің премьерасы, Михаил Лермонтов атындағы театрда «Женитьба (совершенно невероятное сновидение)» комедиясы, Құддыс Қожамияров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театрында «Бунт невесток» («Келіндер көтерілісі») спектаклі сахналанады. Сонымен қатар, «Altyn Saqa – 2026» жаңа қойылымдар фестивалі мен Ғабит Мүсірепов атындағы театрдағы «Театр түні» шарасы көрерменге ерекше тарту болмақ.
Театр – тек өнер ордасы ғана емес, қоғамның рухани айнасы. Қойылым сапасы мен көрермен санының артуы – ұлттық мәдениеттің жаңғырып, жаңа белеске көтеріліп келе жатқанын білдіреді.
Заманауи технология театрға да жетті