«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы Беларусь Республикасынан әкелінген жабайы өгіздермен, яғни зубрлармен толықты.
«Беловеж нуы» ұлттық саябағынан жеткізілген екі-төрт жас аралығындағы 10 жабайы зубрды «Орман шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өздерінде өсіріп, жерсіндіру үшін сатып алған.
Олардың үшеуі – аталық, жетеуі – аналық. Алдағы уақытта бұл жануарлардың саны көбейтілген соң, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының аумағын ен жайлайтын жабайы өгіздер табыны құрылады.
Саябақ басшыларының сөздеріне қарағанда, мұның өзі ХХ ғасырдың басында толық жойылып кетуге жақын қалған зубрлардың санын біртіндеп көбейтуге мүмкіндік бермекші. Қазақстанның жануарлар әлемін толықтыруды мақсат ететін бұл қадам еліміздің туристік кластер әлеуетін арттыруға да ықпал ететін болады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.