Қыз тағдыры әмәнда күрмеуі күрделі, түйінге толы өмір. «Сүйіншіге ұл туса бермегі көп, әзер болса астында аты қалған. Қыз туғанда «қырсықтың келгені деп!», қырын қарап еркегі жатып алған», деп Фариза апамыз жырына арқау еткеніндей, қыз ғұмыры бастан-аяқ үкілі үміт пен күпті күдіктің желкенінде жүзеді. Бағзы заманнан қалыптасқан «ұлдың аты ұл ғой шіркін, қашанда» дегендей, оның мән-маңызы расында тереңде жатқандығы кездейсоқ емес. Содан да болар, қыздың өмір жолы өзінің нәзіктігіне сай үлбіреп тұратыны.
Ата-анасына қолғабыс етпек ниетпен қара жұмысты жатсынбай жасайтын, бір емес, он ұлға татитын қыздардың ерлігі бірде көрінсе, бірде білінбей де жатады. Бұрынырақтағы әйелдің «бір саты төмендігі» жол жиегінде қалып, заман ағысына гендерлік саясат ілескен соң бәрі де басқаша болар деп үміттеніп едік. Сөйтсек, оның өзіне сай артық және кемшін тұстары бірден бой көтеріп шыға келмесі бар ма? Еркіндікке еліткен нәзік жандылардың әрекеті уақыт санап өрши түсіп, соңы қауіпті жайттарға апарып соғып жатқандығын айтып жату қажет те емес шығар. Оған күн сайын орын алып жатқан түрлі оқиғалар дәлел. Ал, шын мәнінде мәселенің мәнісі мынада еді...
20 жастағы Ақжарқын Тұрлыбайдың Қытай абақтысына қамалғаны жөнінде хабар тарасымен-ақ, бірінші кезекте санамызда «жас қыз», «қазақ қызы» деген сөздер жаңғырып жатты. Тез арада осы бір бойжеткен жайлы ақпараттарды ақтарып шықтық. Бар анықтағанымыз — жас арудың есірткі тауарларын тасымалдады деген күдікпен темір тордан бір-ақ шыққаны болды. Бір жылға созылған тергеу процесінің соңы ұлт болып ниет еткен тілектерді күлге айналдырды. «Өмір бойына бас бостандығынан айырылды» деген суық хабар әп-сәтте тарады. Боздаған ананың ащы зары мен күңіренген халықтың жанайқайы ғана қалды шекарадан аса алмай... Балаң шағында дүниенің қызығын көріп үлгерместен, өмірінің қиюы келіспеген қайсыбір қытайлық әйелдердің ортасына топ ете түскен қарлығаш қыздың тағдыры ендігі күні не болмақ? Мейлі, кінәсі дәлелденсін, мейлі, заң бойынша кінәлі болып табылсын. Ең басты мәселе онда емес, Қытайдың қатал заңына тап болған біздің елдің тұрғыны, қазақ қызының тағдыры талқандалғанына налимыз. Тіпті 15 жылдық жазаның өзі ауыр адамзат үшін. Сол мерзім ішінде делқұлы болып қалатын жанның, өмір бойы абақтыда ғұмыр кешуі кезінде не болмақ? Қай жағдайда болмасын, жазаланушының жас қыз екендігін ескеру қажет секілді. ...Бәрін де басынан бастасақ, біреу білер, екеу білмес. Өткен жылдың наурыз айында Ақжарқын Тұрлыбай Гуанчжоу әуежайында Малайзияға ұшпақ болған жерінде ұсталған. Курьерлік қызмет атқарып жүрген бойжеткеннің жүгінен есірткі заттары табылған. Сол кезеңнен бері бір жылға жуық уақыт арасында тергеу амалдары жүзеге асып, оның ішінде бірнеше рет сот отырысы өткен. Соңғы үкімді Гуанчжоу қаласындағы сот шығарды. Және ол көңіл көншітерлік шешім емес еді. Темір тордың төрінде жүріп бойжеткен бір жылға жас қосты, өмір бақиға бас бостандығынан айырылды. Бұл ретте біздің тарап – Гуанчжоу сотының шешімімен келіспейтінін, апелляциялық инстанцияға шағым түсіретіндігін айтқан болатын қыздың қорғаушысы Сұңқар Нұрмағамбетов. Ал екі көзге ерік берген анасы Зухра Сейтімованың айтуына қарағанда, перзенті алаяқтардың құрбаны болып отыр. Бұл сөзге ел болып сенсек те, заңның аты заң. Оның үстіне Қытай елінде мұндай қылмысты өте ауыр деп санап, тіпті, өлім жазасына дейін кесетін болғандықтан, әзірге қызға ондай үкім шықпағанына шүкіршілік айтқаннан басқа амалымыз жоқ. Осындай аңғалдықтың салдарынан қаншама жастарымыздың болашағына балта шабылып жатыр десеңізші. Today.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ сайтында жақында ғана хабарланған ақпараттар легі бойынша қызды қармағына ілгендер нигериялық есірткі мафиясы болып отыр. Мұндай мәлімдемені Есірткі, психотропты заттар және прекурсорлардың заңсыз айналымымен күресетін ортаазиялық аймақтық ақпарат үйлестіру орталығы ақпараттық-сараптамалық бөлімше (ОААҮО) басшысы Аманжол Оразбаев жасады, дейді ақпарат көзі. «ОААҮО аталмыш халықаралық есірткі мафиясы бүкіл әлемге таралғандығын ескертеді. Олар әдетте жас қыздарды өздерінің құрбанына айналдырады екен. «Российская газета» басылымы бұл банданың басшысы Ленц лақап атымен белгілі нигериялық азаматты құқық қорғаушылардың құрықтағанын жазды. Ер кісі жас бойжеткендермен көңіл көтеріп, үйленуге уәде береді екен. Кейін бойжеткеннен Тайландтан Бразилияға сөмкесін жеткізіп салуды өтінетін көрінеді. Сөмкеде есірткі жасырылғанын бойжеткендер тек ұсталғанда бір-ақ біліп жатады. Қазіргі уақытта нигериялық есірткі барондарының құрбаны болғандар арасында Жібек Сакеева, Анастасия Яичникова, Ақжарқын Тұрлыбай, Мария Дапирка, Светлана Кулбаева, Чолпон Шаимбетова бар. Құрбандар қатарынан тағы 9 ресейлік бойжеткен табылған. Қазірде ОААҮО мәліметтер базасының өзінде Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан және Ресейден 30-ға жуық жастар тіркелген. Олардың көбі «қамауға алынған», «кейінгі жағдайынан хабар жоқ» немесе «өмір бойына бас бостандығынан айырылды» деген ақпаратпен тұр», делінген сайт хабарында. Осы тұста шетел жігіттерімен қандай да бір байланысы бар қазағымыздың қаракөздеріне не жетпейді екен дейміз. Себебі, тергеу амалдары кезінде Ақжарқын қыздың берген түсініктемесі бойынша, оған сөмкені шетелге алып баруды тапсырған Джон есімді түнгі клубта танысқан жігіт екен. Ол осы қызметі үшін қызға 150 мың теңге ұсынған. «Дәніккеннен құныққан жаман» деген осы, оңай олжаны көздеудің соңы неге апарып соғатынын білген абзал. Бәлкім осы бойжеткен бүкіл қазақ қыздарына сабақ болар. Болашағына байыппен қарап, қазақы қалыптан шықпаса дейміз аруларымыз. Десек те, болар іс болған соң, қаракөз қандасымыздың өзге елдің қамағында көзін жәудіретпей, жазасын өз елімізде өтеуі үшін Сыртқы істер министрлігі тарапынан бірқатар істер атқарылуда. «Қазақстан мен Қытайдың арасындағы стратегиялық достастық қарым-қатынасының негізінде 2011 жылы біздің елдердің арасында сотталған азаматтарды айырбастау туралы келісімшартқа қол қойылған. Осы келісімшартты 2013 жылы біздің елдің Парламенті ратификациялады. Халықаралық дипломатиялық тәжірибеге сәйкес, мұндай келісімшарт Қытай тарапының ратификациялауынан кейін күшіне енеді», деген болатын Астанада ҚР СІМ ресми өкілі Алтай Әбибуллаев. Қандай жағдай болмасын, өз елімізге оралып, осы жерде жазасын өтегеннің өзінде жас қыздың жауқазын ғұмыры талқандалғанына іші-бауырымыз елжірейтіні жасырын емес. Тұлымшағы желбіреген титімдей қыздың темір торға тоғытылғанына қоғам болып қынжылсақ та, заң алдында барлығымыз бірдей болғандықтан, бойжеткенге тек қана сабыр мен берік болуды тілейміз.
Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».