Экономикалық ғылымда елдердің дамуы әдетте институттардың сапасы, адами капитал деңгейі және әлемдік экономикаға интеграция дәрежесі арқылы түсіндіріледі. Алайда соңғы зерттеулер бұл факторлардың өзі мемлекеттер арасындағы даму айырмашылықтарын толық ашып бере алмайтынын көрсетіп жатыр. Осы тұрғыда 2025 жылы жарияланған «Жаһандық тұлғалық әралуандықтың экономикасы» атты зерттеу ерекше назар аударады. Ол экономиканы жаңа қырынан, қоғамдағы психологиялық ерекшеліктер арқылы қарастыруды ұсынады, деп жазады Egemen.kz.
Негізгі тұжырым неде?
Зерттеу авторларының пайымдауынша ел ішіндегі тұлғалық әралуандық неғұрлым жоғары болса, оның экономикалық әлеуеті де соғұрлым жоғары болады.
Ұзақ уақыт бойы экономистер кейбір елдердің тұрақты өсімге қол жеткізуін, ал басқаларының тоқырауға ұшырауын институттармен, ресурстармен және ашықтықпен түсіндіруге тырысты. Бірақ бұл түсіндірмелер толық көріністі ашып көрсете алмайды.
Мерекелік демалыстар экономикаға қалай әсер етеді?
Зерттеу мәселені тереңірек – жеке тұлға деңгейінде қарастыруды ұсынады. Себебі экономика – бұл адамдардың күнделікті қабылдайтын шешімдерінің жиынтығы. Егер қоғамдағы адамдардың ойлау тәсілі біркелкі болса, жүйе икемділігін, бейімделу қабілетін және инновация әлеуетін жоғалтады.
Негізгі идея – елдің орташа «психологиялық бейнесі» ғана емес, қоғам ішіндегі тұлғалық айырмашылықтардың өзі маңызды. Осыны өлшеу үшін авторлар жаңа көрсеткіш – Жаһандық тұлғалық әртүрлілік индексін (GPDI) енгізеді. Бұл индекс адамдардың мінез-құлық және ойлау ерекшеліктері бойынша қаншалықты айырмашылыққа ие екенін көрсетеді.
Зерттеу нәтижелері қандай болды?
Зерттеу «Үлкен бестік» тұлғалық қасиеттер моделіне негізделген. Оған жаңалыққа ашықтық, жауапкершілік, экстраверсия, мейірімділік және эмоционалдық тұрақтылық кіреді.
Зерттеудің ауқымы өте кең: 2005–2023 жылдар аралығында 135 елден 760 мыңнан астам адамның деректері талданған. Барлық қатысушылар 300 сұрақтан тұратын IPIP-NEO сауалнамасын толтырған.
Нәтижелер тұлғалық әралуандық пен экономикалық даму арасында нақты статистикалық байланыс бар екенін көрсетті. Атап айтқанда, GPDI көрсеткіші жан басына шаққандағы ІЖӨ айырмашылығының шамамен 19,9%-ын түсіндіреді. Бұл дәстүрлі экономикалық факторлардың әсерімен шамалас. Сонымен қатар, бұл көрсеткішті модельге қосу түсіндірілетін үлесті тағы 2,8%-ға арттырады.
Қазақстан жаһандық экономикалық рейтингте 36-орынға тұрақтады
Ең жоғары оң әсер орташа деңгейдегі әралуандық кезінде байқалады. Ал тым жоғары әралуандық қоғамдағы үйлесімділікті төмендетіп, сенімді әлсіретіп, шығындарды арттыруы мүмкін.
Зерттеу сондай-ақ «тұлғалық кластерлерді» бөліп көрсетеді. Мысалы, «лидерлер», «новаторлар», «стратегтер», «үйлестірушілер» сияқты типтер бар. Табысты экономикаларда бір типтің басымдығы емес, осы топтардың теңгерімді үйлесімі маңызды рөл атқарады.
Микродеңгейдегі деректер де осыны растайды: тұлғалық құрамы әртүрлі командалар (мысалы, стартаптар) біртекті топтарға қарағанда 8–12 есе табысты болады.
Теориялық тұрғыдан алғанда, бұл зерттеу адами капитал ұғымын кеңейтеді. Енді оған тек білім мен дағдылар ғана емес, сонымен қатар психологиялық әралуандық та кіреді. Бұл фактор инновацияны, бейімделуді және экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Практикалық тұрғыда бұл нәтижелер мемлекеттік саясатқа жаңа бағыт ұсынады. Яғни, тек білікті мамандарды тарту емес, әртүрлі ойлайтын адамдар өзара әрекеттесетін орта қалыптастыру маңызды. Бұған креативтілік пен сыни ойлауды дамытатын білім беру жүйесі және әртүрлі командаларды қолдау жатады.
Шектеулер мен ерекшеліктер
Сонымен қатар зерттеудің шектеулері де бар. Деректер ерікті түрде жиналған және ағылшын тіліндегі сауалнамаларға негізделген, бұл белгілі бір ауытқуларға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ себеп-салдар байланысы толық анықталмаған. Әралуандық өсімді қамтамасыз ете ме, әлде дамыған елдер әралуандықтың қалыптасуына жағдай жасай ма? Бұл сұрақ ашық күйінде қалып отыр.
Жалпы алғанда, зерттеу тұлғалық әралуандықтың экономикалық дамуда маңызды, бірақ бұрын жеткілікті бағаланбаған фактор екенін көрсетеді. Ол экономика мен психологияның тоғысындағы жаңа ғылыми бағыттың негізін қалайды.
Негізгі қорытынды: экономика тек институттар мен ресурстарға ғана емес, адамдардың әртүрлі ойлау тәсілдеріне де тәуелді. Дәл осы әртүрлілік қоғамның даму және инновация жасау қабілетін айқындайды.