Бір күні жылға азық болатын алтын күзде сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру, сақтау және қайта өңдеу жұмысы Жетісу жерінде де қауырт жүруде. Осы орайда Алматы облысы азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз етумен шектеліп қалмай іргедегі Алматы қаласының тұрғындарына да тиімді бағамен ет, сүт, жеміс-жидек өнімдерін ұсынуда. Нәтижесін халық көріп отыр. Сондықтан Елбасының сапалы отандық өнімдерді шығару туралы тапсырмасын дер кезінде орындау мақсатында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов таяуда Кербұлақ, Талғар аудандарында болды. Кербұлақ ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мәселесіне баса назар аударды. Талғар ауданы аумағында орналасқан Қазақ тағамтану академиясының «Амиран» зауытында шығарылатын балаларға арналған сүт және сүт тағамдарының сапасына ерекше көңіл бөлді. Бұл өндіріс орнында бүгінде 87 адам еңбек етеді. Ағымдағы жылдың төрт айында 315,2 тонна сүттен 203,8 млн.теңгеге 394 тонна өнім, яғни 11 түрлі адамзат ағзасына пайдалы және емдік микроорганизмдерге бай сүт пакеттерін өндірді. Ветеринариялық талапқа сай сиыр сауатын қоралар америкалық «Baumatic» фирмасының аппараттарымен жабдықталған.
Өңір басшысы бұл күні «Фреш Фруд Казахстан» ЖШС жеміс-жидектер сақтау мен сату қоймаларында болды. Былтырғы жылы іске қосылып, бүгінде 30 адамды жұмыспен қамтып отырған бұл кешен австралиялық технологиямен салынған. Ғимарат құрылымы мен ондағы орнатылған германиялық жоғары технологиялы құрал-жабдықтар жергілікті жеміс-жидектерді, сонымен қатар сырттан әкелінген экзотикалық өнімдерді жыл бойы сақтауға мүмкіндік береді. Басты ерекшелігі – компания жеміс-жидек өнімдерін ұзақ уақыт сақтау жүйесінің арқасында оларды жыл маусымына қарамастан өткізуге мүмкіндігі бар. «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде «Фреш Фруд Казахстан» ЖШС-нің инвестициялық салымы 68,6 млн. теңгеге субсидияланды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру, сақтау және қайта өңдеу жұмысын пысықтап, талапқа сай атқарылуын тәптіштеген өңір басшысы Амандық Баталов екі күндік жұмыс сапарын қорытындылай келе: – Аграрлы облысымызда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде үлгі тұтар жұмысымыз баршылық. Ал оларды талапқа сай қайта өңдеу мәселесі біртіндеп дұрыс шешімін табуда. Соның бір дәлелі ретінде Талғар ауданындағы «Амиран» сынды өндіріс орнының ілкімді ісін айтуға болады. Тұтастай алғанда, Жетісу жерінде өндіріс орындарын мемлекеттік талапқа сай ашу, ең бастысы басталған жұмысты тоқтатпай тұрғылықты халықты тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету басты ұстанымымыз болып отыр, – деді.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.