Тынымсыз еңбектің арқасында абыройға кенелген жан көп. Солардың бірі – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Қарлығаш Әленова.
Қайрат пен қажырлылықты өміріне арқау еткен Қарлығаш Төлеубайқызы бар ғұмырын ұрпақ тәрбиелеу ісіне арнап, бір ұйымда тапжылмай қырық жыл абыройлы қызмет етіп келеді. Алдымен кафедра меңгерушісі, кейін аға ғылыми қызметкер атанып, одан соң докторлық диссертациясын қорғаған Қ.Әленованың ұлағатты ұстаз ретінде жазған ғылыми еңбектерінің құндылығы мен қажеттілігі өз алдына. Студенттердің бірнеше буынын тәрбиелеп ұшырған ол әлі күнге дейін магистранттар мен докторанттарды да білім нәрімен сусындатып келеді.
Өмірлік серігімен де осы университетте танысады. Көкше өңірінде дүниеге келіп, оқу, еңбек жолын Ақмола жерінде өткізген жұбайы Қалымбек Зейнуллин үлкен адамгершілік иесі, кісілігі мен кішілігі мол, талапты, алдына қойған мақсатына табандылықпен жете білген азамат еді. Қалымбек Шегірұлының алаңдамай ғылыммен айналысуына, факультет деканы лауазымына дейін жоғарылап, абыройлы қызмет атқаруына жұбайының қосқан үлесі қомақты еді.
Жүрегінде ізгілік, жүзінде мейірім шуағы ұялаған жан-
дардың отбасын ғалымдар отбасы деп атауға әбден болады. Жолдасынан ерте айырылса да, жаққан отын өшірмей, шаңырағын шайқалтпай, балаларын білімді азаматтар етіп тәрбиелеумен бірге, Қарлығаш Төлеубайқызы олардың да ғылым жолында жоғары жетістіктерге жетуіне барынша ықпал етті. Бүгінде қызы Римма Дондағы Ростов қаласында Суслов атындағы Мемлекеттік университеттің философия-экономика факультетін үздік бітіріп, Мәскеу қаласында Ломоносов атындағы мемлекеттік университетте аспирантураны тәмамдап, кандидаттық, кейін докторлық диссертациясын қорғаса, оның жұбайы, яғни күйеу баласы Ғани Сағиев Мәскеудің тау-кен институтының аспирантурасын бітірген, техника ғылымдарының кандидаты. Олардың қызы Азия мен күйеу баласы Мұрат та жоғары білімді мамандар, ғылыми дәрежелері бар. Ұлы Ғалым Англияда оқыса, кіші қызы Софья – оқу озаты. Үлкен ұлы Руслан – заң магистрі, кеден подполковнигі. Оның үлкен қызы Жанна Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің саясат-
тану факультетін, кейін магистратураны бітірген. Қазір С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде философия кафедрасында ассистент болып қызмет атқарады. Әжесінің әріптесі, кіші ұлы Рүстем болса, әке жолын қуған инженер-механик, оның қызы Малика Қытайдың Пекин қаласында оқиды. Осылайша, артында саналы ұрпақ пен әдемі өмірдің ізін қалдырған әке есімін бүгінде ұрпақтары жалғастыруда.
Өмірлік өлшемдерді мейірімділік пен тазалықтан іздейтін Қарлығаш Төлеубайқызы жан-жақтылығын жұртшылық аузының суы құрып айтады. Ол ән салғанда тамсанбайтындар кемде-кем. Әсіресе, оның дауысын жары ерекше ұнататын. Әділ, жасандылықтан ада мінезімен, дүниетанымының кеңдігімен Қ.Әленова бұл тірлікте біраз белестерді бағындырды. Еңбегі де елеусіз-ескерусіз қалмады. Жарынан ерте көз жазып қалса да, балаларын жетектей жүріп, ғылымнан қол үзбеді. Нәтижесінде, Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағы мен мемлекеттік грантына ие болып, Пекин, Шанхай, Лондон, Нью-Йорк, Хьюстон қалаларына барып, халықаралық «Темпус» бағдарламасы аясында Германия, Голландия, Бельгия елдерінде болып, жоғары оқу орындарында тәжірибе алмасты. Расында да, адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді екен. Ұдайы ізденіс пен адал еңбектің нәтижесінде ол өз мақсатына қол жеткізді. Осылайша, тұтастай болмыс-бітімімен, қарым-қабілетімен артына өнегелі із тастап келеді. Ендеше, барға тасымай, жоққа жасымай, арзан атақ қуып алқынып, дүние қуып шалқымаған Қарлығаш Төлеубайқызының өмірі әрдайым көпке үлгі.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ,
журналист.