• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Волонтер Бүгін, 08:53

Егде волонтердің елеулі ісі

10 рет
көрсетілді

Ерікті болуға да асқан ерік-жігер керек. Сол тұрғыда күміс волонтерлікке зейнет жасындағы қарттардың көпшілігі ықылас таныта бермейді. Себебі, өзінің уақыты мен тәжірибесін өзгеге тегін ұсынатын қызметті ізгілікке ұмтылғандар ғана арқалай алса керек.

Батыс ғалымдары волонтерлікпен шұғыл­данатын қарттардың ерікті болуға ықыласы жоқ қатарластарына қарағанда ойы сергек, көңілі шат, ізгілікке  құлшынысы жоғары болатынын айтады. Тағы бір дәйек, егде жаста ерікті атанып, қоғамдық жұмыста белсенділік танытқан жандардың иммундық жүйесі берік бола түседі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қаңтарда өткен волонтерлер форумында сөйлеген сөзінде еріктілердің қоғамды ізгілендіру жолында игі іс арқалап жүрген нағыз отаншыл азаматтар екенін, ерікті болу – игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету екенін, Отаныңа адал қызмет ету, туған жеріңе жанашыр болу екенін атап айтты. 

«Ниеті түзу, жаны таза адамдар осы жолды таңдайды, еріктілер қатарына қосылып, қажырлы еңбек етеді. Еріктілерді озық ойлы қоғамның айнасы деп айтсақ, артық болмайды. Нағыз волонтер тұтас қоғамның игілігін ойлайтын, еліміздің мұрат-мүддесін биікке қоятын саналы азамат екені сөзсіз. Қиналған адамға қолұшын беру – ұлтымыздың бо­йында бар асыл қасиет. Бабаларымыз жақы­ныңа жанашыр болуды, табиғатты аялауды адамгершіліктің белгісі санаған. Әрдайым ынтымақ пен бірлікті сақтап, тату-тәтті өмір сүруді ұрпағына өсиет еткен. Ұлы Абай «толық адам» болудың бір шарты – жұртқа жақсылық жасау, шапағатыңды тигізу деген. Сіздер осы өсиетке сай еңбек етіп, «Адал азамат» деген атқа лайықты істерді атқарып жүрсіздер. Әсі­ресе сын сағаттарда волонтерлеріміз кез кел­ген шаруаға зор жауапкершілікпен қарап, бел­сенді жұмыс істеуде», деген Президент сын сә­тінде еңбектің алғы шебінен табылатын ерік­тілердің еңбегі ерен екеніне ерекше тоқталды.

Елімізде волонтерлердің бір ұлттық, 20 аймақтық фронт-офисі жұмыс істейді. Жылдан-жылға еріктілер қатары қалыңдап келеді. Осыдан алты жыл бұрын олардың саны 50 мыңның айналасында еді, бүгінде 300 мыңнан асады. Астана қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» «Күміс волонтерлер» клубының үйлестірушісі Ләззат Өтеғұлова зейнет жасындағы еріктілердің қатары да жыл санап артып келе жатқанын айтады. 

– «2021 жылы Астана қаласы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына ерікті болып тіркелген едім. Алғашында «Айкуне» халықтық гимнастикасынан аптасына екі рет жаттығу өткіздім. Кейін орталық басшысы ұйымдастырушы қызметіне шақырды. Сол кезде негізгі жұмысыммен қатар «Күміс еріктілер» клубын жүргізуге де рұқсат сұрадым. Бұған дейін де Алматы қаласындағы дәл осындай орталықта 2019–2020 жылдар аралығында «Күміс волонтер» клубының белсенді мүшесі болып, біршама игі іс атқардық. Қоғамға пайдалы түрлі акцияға қатысып, «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауының «Мейірім жолында» аталымымен марапатталдым.  Біздің міндет – осындай клубтар құрып, бүгінгі буынға көне салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды дәріптеу. Бүгінде «Күміс волонтерлер» клубы төрт бағытта  жұмыс атқарады. Жастарға патриоттық тәрбие беруде олардың бойына  тарихымыз бен ұлттық құндылығымызды сіңіре отырып, кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру, отансүйгіштікке баулуды көздейміз. Төл мұраны дәріптеу жолында қолөнер мен ұлттық тағамдардың жасалу жолдарын үйрету арқылы шеберлік сабақтарын өткізуді қолға алдық. Инклюзивті волонтерлік бағытында клуб мүшелері зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға ұлттық ойындарды үйретіп, ертегілер оқып беру, қойылымдарға қатыстыруға күш салады. Қоршаған ортаны қорғау бағытында жастар, колледж, жоғары оқу орындарының студенттерімен бірге сенбілік ұйымдастырып, қоғамға үлгі болып келеді», дейді Л.Өтеғұлова.

Ләззат апай зейнет жасындағы волонтер­лердің «Ұлағат» клубы әдеби-танымдық бағытта да игі шараларды іске асырып жатқа­нын мақтанышпен атап өтті. Клуб мүшелігінде ғылым кандидаттары, тәжірибелі ұстаздар, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін алған білікті педагогтер де бар. Сонымен қатар «Әжеден қалған  асыл мұра», «Ұлттық тағамдар құпиясы» клубтары ұмыт болған қазақ асханасы мен қолөнерімізді қайта жаңғырту мақсатында жас ұрпаққа өнеге көрсетіп келеді.

2024 жылы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қ.Тоқаев кітап оқитын ұлтқа айналып, таным көкжиегін кеңейту мәдениетін қалыптастыру маңызды екеніне тоқталды. «Күміс волонтерлер» клубының мүшелері де «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарында баланың кітапқа деген махаббатын ашу мақсатында «Әжемнің ертегісі» айдарын жүргізеді. Мектептерге де жиі кездесуге барып, оқушылардың кітап оқуға деген құлшынысын арттырады. Өнер мектебімен байланыс орнатып, жас буынның ұғым-түйсігінен көмескі тарта бастаған  киіз басу, алаша тоқу, құрақ құрау, кесте тігу, қамшы өру сынды ұлттық қолөнер туындыларын да дәріптеп жүр.

«Күміс волонтерлер» 2024 жылғы қыр­күйекте Астана қаласында өткен Дүние­жүзілік көшпелілер ойындарында еріктілердің қатарын толықтырып, ерен еңбек сіңірді. Әсіресе шет тілін жетік білетін әжелер сырттан келген туристерге ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді дәріптеп, елдігімізді танытты.

Елордадағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орта­лығына» қарасты «Күміс еріктілер» клубында 100-ден аса зейнеткер бар, олар 61-75 жас аралығындағы қарт кісілер. Ерікті ата-әжелер Астана қаласында өтетін қайырымдылық акциялары мен экологиялық сенбіліктерге белсене қатысады, шеберлік сабақтарын өткі­зіп, ұрпақтар сабақтастығы аясында қала мектептерінің оқушыларымен, студент жастармен бірлесе түрлі шараларды жүзеге асырады.  Сонымен қатар «Ұлттық волонтерлік  желі» заңды тұлғалар бірлестігі, «Астана жастары» ресурстық орталығымен меморандум жасасып, бірқатар игі істі жүзеге асырып жатыр. Зейнет жасындағы еріктілер қайырымдылық іс-шаралардың да басы-қасынан жиі табылады. Мәселен, Нұра ауданының «Күміс еріктілер» клубының мүшелері «Шарапат» қарттар үйінде концерттер, «Жансая», «Нұрлы жүрек» әлеу­меттік қызмет көрсету орталықтарында қайырымдылық акцияларын өткізді. Бос уақыттарында клуб әже­лері мүмкіндіктері шектеулі балаларға арнап киім-кишектер тоқып, түрлі кәдесыйлар тарту етеді. 

«Жыл бойы күміс еріктілердің бастамасымен бірқатар қайырымдылық әрі әлеуметтік акциялар өткізілді. «Жүректен жү­рекке» акциясы аясында коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратылды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбіліктер ұйымдастырылып, ағаш отырғызу, жасыл аймақтарды күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Балаларды қорғау күні қарсаңында орталық ардагерлері медициналық мекемелердегі шала туған нәрестелерге арналған қолмен тоқылған бас киім мен шұлықтар дайындап, қайы­рымдылық акциясын өткізді. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған әлеуметтік орталықтарда концерттер, шеберлік сабақтары мен спорттық турнирлер ұйымдастырылды. Күміс еріктілердің белсенді еңбегі қоғамда үлкен құрметке ие. Олар өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға, әлеуметтік қолдау мен қайырымдылық мәдениетін дамытуға маңызды үлес қосып келеді», дейді  Перспек­тивті даму және әлеуметтік жобалар бөлімінің маманы Райхан Удергенова.

Былтыр Дүниежүзілік еріктілер күніне орай «Астана жастары» мен Ұлттық волон­терлік ұжымдарымен бірлесіп өткізген іс-шаралар қорытындысында орталықтың бір­неше күміс волонтері, нақты айтқанда, 26 күміс ерікті зейнеткер «Ұрпақ сабақтастығы», «Мәдени-рухани және спорттық бағыт», «Сауықтыру бағыты», «Қайырымдылық бағыты», «Экологиялық бағыт» сынды ата­лым­дарда алғысхат алып, құрметке бөленді. Қайырымдылық қашанда ізгіліктің жаршысы екенін ісімен әйгілейтін зейнеткер «күміс еріктілер» жас буынға әрдайым үлгі.

Соңғы жаңалықтар