• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Тамыз, 2015

Спорт саласындағы үздіктер марапатталды

394 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысқан спорт күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиын өтті. Оған республикалық спорт ұйымдарының жетекшілері мен өкілдері, спорт ардагерлері және тағы басқа сала мамандары қатысты.

Шара барысында ведомство басшысы баяндама жасап, еліміздің спорттағы қазіргі ахуалына тоқталды.

– Бүгінде республикада 125 кәсіби спорт клубы жұмыс істейді. Онда 35 мың адамға денешынықтыру және спортпен шұғылдануға жағдай жасалған. Сондай-ақ, 3,3 млн. адамды қамтитын 92,5 мың спорт секциясы бар. Осы ретте ауыл тұрғындарының саны 1,6 млн. адам екенін ерекше айтып өткен жөн. Жалпы, қазіргі таңда елімізде 4 млн. 300 мың адам әртүрлі спорт сайыстарына белсенді қатысып, тұрақты саламатты өмір салтын ұстанады. Бұл көрсеткіш ел халқының 25,1 пайызын құрайды, – деді министр. Сонымен қатар, Арыстанбек Мұхамедиұлы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде министрлік спортты дамытуға бағытталған құжаттар топтамасын әзірлегендігін айтты. Жиын соңында министр барша қатысушыларды спорт күнімен құттықтап, осы салада үздік ісімен көзге түскен бір топ маманды марапаттады. Атап айтқанда, «Құрметті спорт қызметкері» және «Денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, сондай-ақ, Алғыс хаттармен 30-ға жуық маман марапатталды. Айта кетейік, «Қазақстан Республикасындағы кәсіби және өзге де мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы №3827 Жарлығына сәйкес тамыз айының үшінші жексенбісі спорт күні деп бекітілген.

Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».