Бейжіңде Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Су шаруашылығы министрінің орынбасары, Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясының қытай жағынан тең төрағасы Цзяо Юнмен кездесу өткізді, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында су ресурстары саласындағы ынтымақтастықты дамыту және Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында трансшекаралық өзендерде су бөлу келісімі жобасына қатысты бірлескен жұмыс мәселелері бойынша пікір алмасылды. Тараптар Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясының жұмысына оң баға берді. 2003-2015 жылдары комиссияның 12 мәжілісі өткізіліп, олардың қорытындысы бойынша маңызды уағдаластықтар мен нәтижелерге қол жеткізілді. Өткен жылы құрылған сарапшылардың арнайы жұмыс тобы айналысатын ҚР мен ҚХР арасында Трансшекаралық өзендердегі су бөлу келісімінің жобасы бойынша белсенді жұмыс басталды. Сарапшылардың бірінші мәжілісі 2015 жылдың наурызында Алматыда өтті. Осы жылдың қыркүйегінде Бейжің қаласында келісім жобасын келісу бойынша сарапшылардың екінші мәжілісін өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Ш. Нұрышев: «Қазақстан-Қытай трансшекаралық өзендер мәселелері бойынша бірлескен жұмыстың басты мақсаты – екі мемлекет басшылары арасындағы уағдаластықтарды іске асыру болып табылады. Бұл мәселелер ерекше бақылауға алынып және жоғары деңгейдегі кездесулер барысында үнемі талқыланып тұрады», – деді ол. Ал Цзяо Юн қытайлық тарап екі ел арасындағы көпжақты стратегиялық әріптестік қарым-қатынастары шеңберінде Қазақстанмен бұл бағытта ықпалдастықты нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.
«Егемен-ақпарат».