• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:25

Өндіріс инновация арқылы өркендейді

10 рет
көрсетілді

Астанадағы «ЭКСПО» халық­аралық көрме орталығында өткен VII халықаралық маман­дан­дырылған «Kazakhstan Machinery Fair 2026» көрмесі өнеркәсіптің технологиялық жаңғыру үдерісін жеделдетуге бағытталған маңызды оқиға ретінде айқындалды. Машина жасау мен металл өңдеу саласына арналған бұл алаң өндіріс, ғылым мен инженерлік ойды тоғыстырып, жаңа серіктестік байланыстарды қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев көрменің ашылу рәсімінде машина жасау өңдеуші өнеркә­сіп­тің негізгі тіректерінің бі­рі­не айналғанын айтты. Оның дере­гінше, салада 4 мың кә­сіп­орын жұмыс істей­ді, 130 мыңға жуық маман ең­бек ете­ді. Өткен жыл­дың қоры­тын­дысында өнді­ріс көлемі шамамен 6 трлн теңгеге жетіп, 18 пайыз өсім тіркелген.

Машина жасау үлесі өңдеу­ші өнеркәсіп көлемінің шамамен бестен бірін құрайды. Бұл көрсеткіш индустриялық құры­лымдағы өзгерістерді аңғар­тады. Кейінгі жылдары өнді­ріс үдерісін автоматтандыру, цифрлық модельдеу, роботтан­дыру бағытындағы жобалар қарқын алды. Технологиялық жаңару еңбек өнімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартуға ықпал етіп отыр.

2024–2028 жылдарға арнал­ған кешенді жоспар сала да­муының институционалдық негі­зін қалыптастыруға бағыт­тал­ған. Құ­жатта кәсіпорын­дарды шикізатпен қамта­ма­сыз ету, қаржыландыру құралда­рын жетілдіру, инже­нерлік кадр даярлау, өнім өткізу нарығын кеңейту тетіктері қарастырылған.

Сарапшы мамандар әлемдік құн тізбегіне кірігу үшін ішкі өн­дірістік кооперацияны кү­шейту маңызды екенін айтады. Жаңа индустриялық саясат отандық кәсіпорындардың технологиялық деңгейін көте­руге бағытталуға тиіс. Машина жасау – экономиканың мульти­пликативті әсері жоға­ры саласы. Бір жобаның іске қосылуы ондаған қосалқы өндірістің дамуына ықпал етеді.

Қазақстан машина жасау­шы­­­­лар одағы­ның басқарма тө­рағасы Мейрам Пшембаевтың пі­кірінше, Machine Building және индустриялық бағыттағы көрмесі – ең алдымен отан­дық бизнес пен өнеркәсіп кәсіп­орындарының заманауи технологияларға, жаңа ше­­шім­дерге қол жеткізуіне мүм­кін­дік беретін маңызды алаң. Мұн­дай кездесулер өзара тиімді коо­перацияны кеңейтіп, бір­лескен кәсіпорындар құруға негіз қалайды.

«Бүгінде көрме жаңа техноло­гия­лар тартылатын әрі ин­нова­ция­лық жобалар таныстырыла­тын маңызды орталыққа айнал­ды. Форум аясында өтетін бұл алаң отандық өнеркәсіп­тің әлеуетін арттыруға ықпал етіп, құ­рылыс пен машина жасау сала­ларындағы әріптестікті нығайта түседі», дейді басқарма төрағасы.

Форум аясындағы пленарлық отырыстар мен тақырыптық сессиялар үш күнге жалғасады. Сарапшылар өндірісті жаңғырту, технология трансфері, кадр даярлау мәселелерін талқылап, нақты ұсынымдар әзірлеуге ниетті.

Соңғы жаңалықтар