Қытайдың Уланчабе қаласынан қуанышты хабар келді. Осында 13 тамызда мәреге жеткен бокстан әйелдер арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық Дариға Шәкімова 75 килоға дейінгі салмақта құрлық чемпионы атанды. Финалдық шайқаста алаң иесі – қытай спортшысы Ли Киюаньмен қолғап түйістірген Дариға 3:0 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, Азияның екі дүркін чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Ол бірінші рет 2010 жылы Алматыда өткен құрлық біріншілігінде 69 килоға дейінгі салмақта алтыннан алқа таққан еді. Дариға – Петропавл боксының түлегі. 1988 жылғы 20 қарашада туған. Қазақстанның 2012 (75 кг салмақта), 2013, 2014, 2015 (үшеуінде де – 69 кг) жылдарғы чемпионы. Оны үлкен боксқа алып келген жеке жаттықтырушысы Серік Бектұрғанов болса, құрамада бас бапкер Вадим Присяжнюктің бақылауында жаттығады. Азия біріншілігінде қазақстандық сапынан тағы үш боксшы қола жүлде алды. Оған Гауһар Ермекбай (69 кг), Мөлдір Базарбаева (81 кг) және Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) сынды атлеттер қол жеткізді. Чемпионатта 6 алтын, 1 күміс және 1 қола медальға қол жеткізген Қытай құрамасына тең келер ешкім болмады. Екінші орынға 2 алтын медалі бар Таиланд қыздары орналасты. Ал 1 алтын, 3 қола медальды Қазақстан жасағы үшінші сатыға көтерілді.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.