• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2015

Бас газеттің басшысы жастармен кездесті

264 рет
көрсетілді

АСТАНА. 27 наурыз. Астанада журналистика саласына қызығушылық танытқан мектеп оқушылары арасында ХІ Халықаралық медиа фестиваль өтуде. Соның аясында бүгін фестивальға қатысушылар «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ-ның президенті Сауытбек Абдрахмановпен кездесті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Кездесу «Егемен Қазақстан» газеті редакциясының мәжіліс залында өтті. Шара барысында Сауытбек Абдрахманұлы оқушыларға журналистиканың қыр-сыры мен еліміздегі бас газеттің тарихы жайында әңгімелеп берді. Сөз басында газет басшысы: «Журналистика – елдің алдына шығып сөз сөйлеуге, кез келген құбылысты өзінше бағалауға құқық беретін мамандық. Бұл саланың өзгелерден басты артықшылығы осы», – деді. Сонымен қатар оқушылар журналистиканың қадір-қасиеті, негізгі функциясы және болашақтағы рөлі туралы көп жайға қанық болды. Бұл жөнінде басылым басшысы: «Журналистиканың негізгі қадір-қасиеті – ол өмірге түрлі-түсті рең береді. Бір жазылған мақала екінші рет қайта жазылмайды. Ал көптеген мамандықта бір істің бірнеше рет қайталанатынын білеміз. Осыған қарап журналистиканың құны өзге саладан қаншалықты жоғары екенін көруге болады», – деді. Ақпарат құралдарының атқарып отырған басты қызметі жайында: «Журналистиканың негізгі функциясы – қоғамдық пікірге ықпал ету арқылы адамдардың көзқарасын қалыптастыру. Ал болашақта журналистерге жүктелетін жауапкершілік бүгінгіден де ауыр болатыны ақиқат. Бұл – заман талабы», – деген Сауытбек Абдрахманов жас жеткіншектерге шет тілдерін еркін меңгеру керек екенін айтты. Сондай-ақ, кітап және газет-журнал оқу мәселесіне тоқталған ол «Егемен Қазақстан» газетінің тарихын да назардан тыс қалдырмады. «Өткен жылдың соңында газетімізге 95 жыл толды. Бұл жерде Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов сынды ұлттың ұлағатты тұғалары қызмет істеген. Қазір отырған редакциямызды 2009 жылы Елбасымыз өзі келіп ашып берді. Бүгінде Президентіміздің тікелей қамқорлығымен жарық көріп отырған газеттің тиражы 200 мыңнан асады», – деп, бас басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабар берді. Кездесу соңы еркін әңгімеге ұласып, оқушылар өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды. Өз кезегінде, оқушыларды бастап келген «Жұлдыз балалар одағы» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Жанна Абылхаева мағыналы кездесу үшін газет басшысына алғысын жеткізді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: Ерлан Омаров.