Азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті жеңілдету – маңызды істің бірі. Осы мақсатқа орай Шымкент қаласында «Құқық кабинеті» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсетіп, құқықтық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етудің тиімді құралы болып отыр.
Шымкент қаласы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Самал Бахтыярдың айтуынша, «Құқық кабинеті» – кез келген азаматтың сұрағына тиісті жауап пен қажетті кеңес алуына мүмкіндік беретін ашық алаң. Мұнда келушілер заңгерлік кеңес алып қана қоймай, заманауи цифрлық қызметті де пайдалана алады. Атап айтқанда, кабинетте «Әділет» және «Заң» құқықтық дерекқорларына қолжетімділік қамтамасыз етілген. Бұл жүйелер арқылы азаматтар қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілермен танысып, өз құқықтары мен міндеттері туралы нақты ақпарат ала алады.
«Сонымен қатар «Құқық кабинетінде» eGov, e-Otinish, «Ашық НҚА» сияқты мемлекеттік ақпараттық жүйелермен жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Бұл азаматтарға мемлекеттік органдарға онлайн өтініш жолдауға, түрлі қызметті электронды түрде алуға жағдай жасайды. Әсіресе уақыт үнемдеу мен рәсімдерді жеңілдету тұрғысынан мұндай қызметтердің маңызы зор. Аталған кабинетте көрсетілетін қызметтің бас-ты артықшылығы – олардың тегін әрі баршаға қолжетімді болуы. Кез келген тұрғын арнайы дайындықсыз-ақ келіп, қажетті құқықтық ақпаратты түсінікті әрі ыңғайлы түрде ала алады. Бұл әсіресе құқықтық білім деңгейі әртүрлі азаматтар үшін маңызды», деді С.Бахтыяр.
Бүгінде Шымкент қаласының бірнеше ауданында «Құқық кабинеті» жұмыс істейді. Олар Абай, Әл-Фараби, Қаратау, Тұран аудандары әкімінің аппараты жанынан ашылған. Бұл кеңсе желісі қала тұрғындарының әрқайсысына жақын орналасып, құқықтық қызметтерді қолжетімді етеді.
Маманның айтуынша, осы күнде Қаратау ауданы әкімдігінің аппаратындағы «Құқық кабинеті» белсенді жұмысқа кіріскен. Мұнда азаматтар құқықтық кеңес алып қана қоймай, электронды жүйелер арқылы түрлі өтінішін жолдап, қажетті құжатпен таныса алады. Бұл өз кезегінде халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, ашықтық пен тиімділікті арттыра түседі.
Жалпы алғанда, «Құқық кабинеті» азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеруге, мемлекеттік қызметті оңай әрі жылдам алуға мүмкіндік беретін маңызды жобаға айналып отыр. Сондықтан маманның пікірінше, осындай бастама арқылы қоғамда заңға деген құрмет артып, әрбір азамат өз құқығын қорғай алатын қабілетке ие болады.
ШЫМКЕНТ