Сауда-саттық мәселесі – экономиканың күретамыры. Сауда-саттық жапатармағай жүргізілетін жабайы алыс-беріс емес, халықаралық нормаларға негізделген, арнайы талаптар мен ережелері бар ауқымды құбылыс. Бұл тұрғыда алдымен ауызға алып, тілге тиек етеріміз 1995 жылы құрылған халықаралық сауда ережелерін либерализм принциптеріне қарай реттейтін халықаралық экономикалық ұйым – Дүниежүзілік сауда ұйымы. Негізгі мақсаты халықаралық сауданы дамыту болып табылатын бұл ұйымға бүгінде әлемнің алдыңғы қатарлы бірнеше елдері мүше.
Біздің еліміз Мемлекет басшысының бастамасымен бұл ұйымға кіру жұмысын 1996 жылы бастаған болатын. Бұл ұйымға мүше болуда Қазақстан әлемдік сауда ұйымының талаптары мен нормаларына сәйкес тауар өндіру мен қызмет көрсетудің ішкі жағдайларына өзгертулер енгізу арқылы экономиканың тұрақты дамуына жағдай жасау, қазақстандық тауарлардың әлемдік сауда кеңістігіне кіру мүмкіншілігін алуын мақсат етті. Сондай-ақ, еліміздегі шағын және орта бизнестің нарықтық аясы кеңейіп, Еуропаға, Шығыс Азияға тауарды еркін өткізіп, оны сатуға мүмкіндік ашылады. Қазақстан әлемдік сауданың элитасына кіреді. Елімізге сыртқы капиталдардың көптеп келуі қамтамасыз етіледі, шетел инвестицияларының көлемі артады. Қазақстандық тауарлар мен өнімдер ДСҰ-ға мүше елдердің нарығына қол жеткізе алады. Тұтынушылардың бағасы жағынан арзан, төзімділік жағынан сапалы тауарларға қол жеткізу мүмкіндігі ашылады, ал отандық өнім өндірушілерге бәсекелестік әсері мол болады.
Бірақ, дамуды, алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылуды мақсат еткен елімізге іргелі ұйымдарға мүше болудан қорқудың емес, батыл енудің берері мол. Өйткені, бұл, яғни Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу – уақыт талабы. Бұған дейін көршіміз Қырғызстан киімдерінің қытай, түрік тауарларымен бірге Қазақстан нарығына дендей еніп, халықтың тұтынуы тауарына айналғандығын көріп таңғалатын болсақ, біздің елімізге де сапалы өз өнімдерімен өзге елдердің назарын аударып, халықтың сұранысын өтейтін кезең келді. Бұл біздің елдің кәсіпкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейді.
Гүлсара ЖОЛДАСБАЕВА,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің проректоры, экономика ғылымдарының кандидаты.
АҚТАУ.