Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз», деді.
Президенттің осы сөзі ұстаздар қауымына үлкен жүк артары сөзсіз. Өйткені, қазақстандық патриотизмді, елдік рухты, ұлтжандылықты, елдің тұғырлығын,
ұлтаралық келісім мен сыйластықты жас буынның санасына сіңіру – әр ұстаздың міндеті, асыл парызы дер едік. Әрі зор жауапкершілік жүктейді. Жас жеткіншектерді тәрбиелеп, оқытуда олардың сана-сезіміне отандық сүйіспеншілікті, елдік рухты, мекен еткен ортасын, халықтар арасындағы бірлік пен ынтымақты, сыйластық пен тағаттылықты, жанашырлықты, ұлттық ұғымдарын алғаш ұғындыратын, түсіндіретін, ашық жолға тура, нақты жол сілтейтін, тұлға бойындағы ізгілік пен жақсылық қасиеттерін дарытатын, қалыптастыратын да – ұстаз.
Жеке басыма Елбасының Ұлытау төріндегі сұхбат-сыры, Тәуелсіздік күніндегі Тәуелсіздік толғауы жан тебірентерлік әсер туғызды. Баршамызды Тәуелсіздіктің ұлы рухы жебеп, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, ертеңгі күнімізге сенімімізді нығайтады. Тәуелсіздік – жалпыға ортақ құндылық.
Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы өзім еңбек етіп жүрген Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының ұста-
нымы – осы мақсатта оқушылардың білімге, ғылыми ізденістерге құштарлығы, қасиетті қарашаңырақ 80 жыл ішінде ана тілін баланың бойына дарыту, оқушыларымыздың бойына елдік пен отандық, ұлтжандылық қасиеттерді сіңіруде ұжымның атқарар істері жетіп артылады. Білім ордасының аты республикаға жақсы танымал. Оның іргесінен еліне елеулі, халқына қалаулы талай азаматтар ұшып шығып, ғылым, білім көгінен інжу-маржан теріп жүр. Жалындаған жастар оларға қарап бой түзейді. Ұрпақтар арасындағы сабақтастық өз жалғасын тауып келеді. Оған оқушыларымыздың түрлі білім байқауларында ғылыми жобаларда, олимпиадаларда топ жарып, тегін оқу гранттарын иеленуін, шетелдерде тәжірибе алмасуларын айтар едік. Көздерінде от ойнап, жүрегі жалын атқан жастар еліне, Отанына мысқалдай пайда тигізіп жатса, оқу-тоқудың соңғы жаңалықтарымен қаруланып, әлемдік биіктерге ұмтылып жат-
са – еңбектің жанғаны, тәрбиенің өтелгені. Елбасы айтқандай, болашақ – жастардың қолында. Ел тағдырын оларға сеніп тапсырсақ, келешегіміздің жарқын, болашағымыздың кемел болары анық.
Әр баланың мінез-құлқы, қабілет-қарымы ата-ана мен ұстазға жақсы аян. Соған орай іс-әрекет етіп, тәрбие жайына үлкен жауапкершілікпен қарайтын болсақ, Мәңгілік Елге бет алған ұлы жолда бірлік пен ынтымағымыз нығайып, бағындырар белестерден көріне береріміз сөзсіз.
Мәңгілік Ел – әр қазақстандықтың қасиетті де киелі ұраны болғай деймін.
Әлия БАҚТЫБАЕВА,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Петропавл.